Онлайн сауда нарығы жаңа деңгейде

Қазақстандық онлайн-сауда нарығы жаңа кезеңге қадам басты. 2024 жылдың қыркүйек айында Teez маркетплейсі өз қызметін ресми түрде бастап, бірден назар аударды. Оның басты ерекшелігі – барлық тапсырысты бір күнде тегін жеткізу. Қазіргі уақытта бұл платформа еліміздің 30 қаласында жұмыс істейді және 300 мыңнан астам пайдаланушының сеніміне қол жеткізген.

Teez-дің жетістігі оның тиімді логистика жүйесінде жатыр. Қарағанды қаласында орналасқан орталық қойма бар, онда барлық тауар сақталып, тек бірнеше сағат ішінде қажетті бағыттарға жөнелтіледі. Тапсырыстарды жеткізу үшін арнайы құрылған автопарк алдын ала жоспарланған маршруттар бойынша жұмыс істейді, ал шалғай өңірлерге жеткізу әуе компаниялары арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйе Teez-ді онлайн-сауда нарығында ерекшелендіріп, қызметтің жылдамдығы мен сапасын қамтамасыз етеді.

– Біз сатушылардың тауарларын өз қоймамызға жеткізіп, сол жерде өңдейміз.  Біздің аумақта Қазақстандағы ең үлкен фотостудия орналасқан, сондықтан тауар карточкаларын жасауға көмектесе аламыз. Сондай-ақ, тауарларды өңдеу қызметін ұсынамыз. Барлық тауар туралы ақпаратты өз қосымшамызда орналастырып, тапсырыстарды өзіміз жеткіземіз. Біздің клиенттерге уәдеміз – тауарларды 1 күн ішінде жеткізу. Тіпті Қазақстанның батыс өңірлеріне де тапсырыстарды 1 күнде жеткіземіз. Мұндай қызметті бізден басқа ешкім ұсынбайды, – деді қойма логистикасының директоры Антон Иванов.

Қарағанды қаласының логистикалық орталығы маркетплейс қызметінің табысты болуына ерекше ықпал етіп отыр. Бұл аймақ сауда логистикасының маңызды хабына айналып, жергілікті экономиканы жаңа деңгейге көтерді. Қарағандының стратегиялық орны мен тиімді инфрақұрылымы арқасында маркетплейс бүкіл ел бойынша бизнестің дамуына ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуда.

– Бұл қосымша жайында білгеніме көп болмады. Екінші рет тапсырыс беріп отырмын. Ең бастысы өте тез жеткізіп береді. Кеше кешке тапсырыс бердім, бүгін түске дейін қолыма алдым, – дейді қала тұрғыны Ольга Лопачук.

Teez компаниясы сатушыларға ерекше қолдау көрсетеді. Олар тауарларын қоймаға жеткізіп, арнайы павильондарда кәсіби фотосуреттер түсіру мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, қосымшаға жүктелетін барлық мәліметті Teez мамандары өңдейді. Бұл бизнес өкілдеріне өз істеріне назар аударуға мүмкіндік береді, ал логистика мен сақтау мәселелерін компания өз мойнына алады.

– Фотостудия – біздің маркетплейстің бірегей ерекшелігі. Біз мұнда тауарларымыздың карточкаларына жүктелетін контентті өзіміз жасаймыз. Карточкаларға жүктелетін фотосуреттер сатып алушылардың нақты алатын тауарларына сәйкес келуін қамтамасыз етеміз, – деп атап өтті фотостудияның жетекшісі Кенесары Дисюков.

Қызметтің іске қосылған сәтінен бастап, Teez клиенттеріне жоғары сапалы қызмет көрсетуге ерекше көңіл бөледі. Платформа пайдаланушылардың пікірлерін тыңдап, олардың талаптарын ескеріп, үнемі жетілдіріліп келеді. Тұтынушылар да қосымшаның жылдамдығы мен тиімділігін жоғары бағалап, оны онлайн-сауда үшін идеалды шешім ретінде таниды. Teez маркетплейсі Қазақстанның кәсіпкерлері мен тұтынушылары үшін сапалы қызмет пен инновациялық шешімдерді ұсынып, айтарлықтай даму жолында. Қарағанды қаласының логистика саласындағы стратегиялық рөлі мен Teez-дің тиімді жұмысы еліміздің экономикалық өсіміне үлкен үлес қосуда.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,                                    

«QH»