Онлайн-казино жарнамасына – қылмыстық жаза ұсынылды
Үкімет отырысында онлайн-казино жарнамалау мәселесі талқыланып, оған қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылды. Қаржы мониторингі агенттігінің өкілдері мұндай жарнамалар азаматтарды құмар ойындарға тәуелді етіп, қоғамға теріс әсерін тигізіп жатқанын айтты.
Агенттік мәліметінше, бүгінде 37 блогер мен инфлюенсер онлайн-казиноны жарнамалаған, олардың 18-і әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Көпшілігі заңды білмегеннен емес, бұл әрекетті жүйелі түрде қайталап жүргендер.
Қазіргі айыппұлдар блогерлердің табысына сай келмейтіндіктен, қаржы пирамидаларына қарсы нормаларға ұқсас етіп, мұндай жарнама үшін қылмыстық жаза енгізу ұсынылды.
– Кейбір көп оқырманы бар блогерлер жеңіл табыс үшін азаматтарды құмар ойындарға тартып отыр. Сондықтан онлайн-казиноны жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыру қажет, – деді ҚР Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов.
Үкімет бұл бастаманы қолдап, заңнамалық өзгерістерді әзірлеу тапсырылды.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

