Он үйдің құрылысы тоқтады
Қарағандыда сот шешімімен 10 тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылды. Құрылыс салушылар жұмысқа рұқсат құжаттарынсыз кіріскен. Жоспардан тыс тексеруді МСҚБ басқармасы жүргізді.
Жосықсыз құрылыс салушылар мониторинг барысында Қарағанды қаласының Сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан анықталды.
– Деректер бізге берілген соң, 10 компанияға жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бұзушылықтар туралы сотқа шағым түсірдік. Құрылыс салушылар ҚР ӘҚБтК-нің «Жобалық құжаттамасыз құрылыс» (314-бап), «Авторлық-техникалық қадағалаусыз құрылыс жүргізу» (321-бап) және «МСҚБ талон-хабарламасынсыз құрылыс жүргізу» (463-бап) талаптарына орай әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлығына айыппұл салынды, – деді Мемлекеттік құрылыс инспекторы Думан Қасымжанов.
Егер ескертулер жойылмаса, нысан пайдалануға берілмейді және ол қабылдау актісін алмайды.
Жосықсыз құрылыс салушылар тізімінде келесі компаниялар бар:
– «T-K Building» ЖШС («Al-Farabi» ТК);
– «TT INVEST – 2022» ЖШС («Хан» ТК);
– «Satti Lux Stroy» ЖШС («Нұра» ТК);
– «Baiterek – 2022» ЖШС («Аманат» ТК);
– «СМК Group» ЖШС («Baiterek» ТК);
– «Григорян Ш.Н.» ЖК (КТ);
– «TBL building» ЖШС («Tole Bi 2» КТ);
– «Revival Alliance» ЖШС (Ержанов к-сі, 63/2);
– «ККК Бетон» ЖШС («Бақытты отбасы» ТК);
– «Optima-Stroy» ЖШС («Династия» ТК).
Экономикалық сотта қазір 3 тұрғын үй кешенін өз еркімен салу деп тану туралы талап-арыздар бар, олар: «Al-Farabi» ТК (құрылыс салушы – «Т-К Building» ЖШС), «Хан» ТК (құрылыс салушы – «ТТ-Инвест» ЖШС) және «Нұра» ТК (құрылыс салушы – «Satti Lux Stroy» ЖШС).
Сондай-ақ үлескерлер қаражатын заңсыз тартқаны үшін 15 компанияға 320-бап бойынша айыппұл салынды. @gask_krg Instagram әлеуметтік желісінде толық тізім келтірілген. Қазір МСҚБ басқармасының қарауында осындай бұзушылықтар тіркелген тағы 2 компания бар.