Октябрь ауданына Әлихан есімі берілді

Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданының атауы ұлт көшбасшысының құрметіне Әлихан Бөкейхан есімімен қайта аталып өзгертілді. «Алаш» партиясы негізін қалаушылардың бірі, қазақ тарихындағы шоқтығы биік тұлғаның туғанына биыл 155 жыл.

фау

Бұл шешім облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті IX сессиясында қабылданды.

Онда өткен жылғы бюджет қаржысының игерілуі, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған бағдарламаның орындалуы және өзге де маңызды мәселелер қаралды. Оның ішінде Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына және ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында «Қарағанды облысы Қарағанды қаласының келесі құрамдас бөлігі – Октябрь ауданы Әлихан Бөкейхан атындағы аудан болып қайта аталсын» деп Қарағанды облысының әкімдігі қаулысы және Қарағанды облыстық мәслихаты шешімі қабылданды.

Қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қарағандылықтарды көптен күткен тарихи оқиғамен құттықтады:

– Ауданды қайта атау – ең алдымен, Әлихан Бөкейханның қалтқысыз қызметіне, жалпы еліміздің тарихына деген құрмет.

Ауданның атауы ғана емес, келбеті де өзгерді. Соңғы бірнеше жылда үйлердің қасбеттерін, шатырларын, көлік және жаяу жүргінші жолдарын жөндеу бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді. Майқұдықтың орталық жолын ауқымды түрде қайта салу аяқталды. Бірнеше заманауи тұрғын үй кешендерінің құрылысы жүріп жатыр, шағынаудандарда жаңа емханалар іске қосылды. Қайта құру жұмыстарынан кейін «Литейщик» стадионы ашылды. Алда әлі талай өзгерістер бар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Аудан 1938 жылы қаланың солтүстік бөлігінде құрылған. 1961 жылға дейін Сталин деп аталды. Содан кейін Октябрь деп өзгертілді. Оның ауданы – 22,4 мың га, халқы – 227 мың адам. Құрамына Майқұдық, Пришахтинск, Сұрыптау аймақтары кіреді.

Әлихан Бөкейхан 1866 жылы 5 наурызда Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының ауылында дүниеге келген. Ол – мемлекет және қоғам қайраткері, журналист және ғалым, «Алаш» ұлттықдемократиялық партиясының ұйымдастырушысы және көшбасшысы. Сондай-ақ 1917 жылы Алаш автономиясының төрағасы, Қазақстан бойынша Уақытша үкіметтің комиссары болды. Кейін ол «террористік ұйымға» қатысы бар деген айыппен сотталып, атылды. 1989 жылы ақталды.

– Әлихан Бөкейханның «Халықтың пікірі мен еркі – заңның жоғары сатысы» деген жақсы сөзі бар. Тәуелсіздік күні қарсаңында Октябрь ауданы Әлихан Бөкейхан атындағы аудан болып қайта аталды деп мақтанышпен айта аламыз. Ол – біз үшін жарқын үлгі, себебі Қазақстанның бірлігін, оның болашағын жақтаған адам, – деп атап өтті Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов.

Айта кетейік, Қарағанды қаласының Октябрь ауданын публицист және ғалым, «Алашорда» көшбасшысы Әлихан Бөкейханның құрметіне беру туралы ұсыныс 2016 жылы айтылды. Ал биыл наурызда Қарағандыда атауын өзгерту бойынша қоғамдық тыңдаулар өткен болатын. Тыңдаулар қаланың әр түрлі бөлігінде 15 жерде ұйымдастырылды. Атын өзгерту туралы шешім көпшілік даусымен бекітілді.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»