ОЙЫН АЛАҢДАРЫ ҚАУІПСІЗ БЕ?

Қарағандылық кейбір бүлдіршіндерге тіпті өз ауласындағы ойын алаңдарында қауіп төніп тұр. Темірден жасалған сырғанақтар тиісті деңгейде бекітілмеген, ал кей жерлерде үшкір құрылыс қалдықтары жатыр. Мұны ірі ауданның біріндегі ойын алаңдарын тексеріп шыққан қалалық мәслихат депутаттары айтып дабыл қағып отыр. Бұдан өзге кейбір ойын алаңдарына жапсарлай орналасқан сауда орындарына келетін электр тоқтары да жас қарағандылықтарға қауіп төндіруде деп алаңдайды халық қалаулылары.

— Үнемі алтыбақандары сынып қалады. Дәнекерлеушілер екі рет келіп жөндеген болатын. Арғы беттегі 15 үй ауласында да осындай жағдай. Осыған дейін тұрған ескі жабдықтарды алып кетті. Жаңасы осындай қорқыныш тудырып отыр- дейді тұрғындардың бірі.

Қарағанды қалалық мәслихат депутаттары 2020 жылы бюджет қаражаты есебінен жөндеу жүргізілген балалар алаңдарының жағдайымен танысу үшін 15-шағын аудан аулаларын аралап көрді. Алдымен халық қалаулылары аталмыш шағын аудандағы 11-13 үйлер, 15 үйлердің ойын алаңдарын назарға алды. Сырт көзге ерекше көрік сыйлап тұрған ойын жабдықтарына жақындап келсеңіз амалсыз бас шайқайсыз. Өйткені, балалар қауіпсіздігі басты орында деген депутаттар сапасы сын көтермей тұрған құрылғыларды шайқап, тексеріп көрді.

— Ата-аналар балаларын мына жерге қалай жібереді. Ойын жабдықтарына қаражат бюджеттен бөлінді. Ертең балаларға бірдеңе болса не болады. Осындай жағдай орын алмас үшін Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттары арнайы келіп отыр. Біз үшін бала қауіпсіздігі басты орында — дейді Қарағанды қалалық мәслихат депутаты Жібек Камалиева.

Депутаттар 13-шағын аудандағы 42-44 үйлердің алаңқайын да бақылады. Жаңадан салынған ойын жабдықтарының сапасынан бөлек, алаңдардағы қоқыстың шашылуы да көзге оттай басылады. Кейбір жерлерде жиектастар қираған. Балласт пен құрылыс материалдарының қалдықтары жиналмай, қалып қойған. Аула аумақтарында санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін жағдайлардың ішінде жеміс-жидектер мен көкөністерді сататын сауда нүктелерінің көріксіз кейпі тағы бар.

Тексеру қортындысы бойынша ақ жағалылар қалалық әкімдікке бірқатар шағым мен ұсыныстар жазылған хаттарын жолдамақ. Ал, ойын алаңдарындағы талапқа сай келмейтін конструкциялардың барлығын мердігер компаниялар кепілдеме аясында қайта жөндеп шығуға міндеттеледі.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.