Қойлыбай Асановтың шығармашылық кеші

Биыл ақын, «Құрмет» ордені мен «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері, ҚР мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов 60 жасқа толды. Ақын мерейтойына орай қаламыздың Кеншілер мәдениет сарайында ұлттық өнеріміздің рухани құндылығын насихаттайтын әдеби-сазды «Ақзер дүние – аққу жыр» атты шығармашылық кеш өтті. Кешке Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің өнерпаздары, С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының актерлері, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің ұстаздары және Е.Бөкетов атындағы университетінің студенттері қатысты.

Еліміздің түпкір-түпкірінен арнайы келген қонақтар мерейтой иесінің иығына шапандарын жауып, құрметтерін көрсетті. Ақын, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың мерейтой иесіне арнаған сәлемін жеткізсе, облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков аймақ басшысының құттықтауын оқып берді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің де құттықтаулары жеткізілді. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің басқарма төрағасы, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Дулатбеков мерейтой иесінің кеудесіне «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.

Кеш тосынсыйларға толы болды, атап айтсақ, шара барысында мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрген ақынның «Сарша тамыз – сары жел» атты жыр жинағының тұсауы кесілді. Және де «Бозторғай өлең, боз дала» атты мерейтойлық жинақ та оқырманға таныстырылды. Сондай-ақ Қойлыбай Асановтың өлеңдеріне жазылған «Аңсау» атты әндер жинақталған дискі де тыңдарманға жол тартты.

Кеште Қойлыбай Асановтың өлеңдеріне жазылған әндер орындалды. Сәкен театрының актерлері Қойлыбай Асановтың «Мен Арлы ғұнның баласы», «Сары жел», «Біз қазақ осындай ел едік» өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар ақынның айтыстағы шәкірті, айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Мақсат Ақанов мерейтойы иесіне өз арнауын арнады.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»