ҚОҚЫС МӘСЕЛЕСІ – ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

«Таза Қазақстан» аясындағы шаралар жалғасуда. Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданында заңсыз қоқыс үйінділерімен күрес күшейтілді. Енді учаскелік инспекторлар үйлерді аралап, қоқысты белгіленбеген жерге тастайтын тұрғындарға айыппұл салуға кіріседі.

Аудан аумағында «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде тазалық сақтау бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Дегенмен кейбір тұрғынның жауапсыздығы мен немқұрайдылығы салдарынан ауданның көркі қоқыстың астында қалып барады.

Аудан әкімі Досбол Күлекеев таңертеңгі уақытын ауданды аралауға арнап, проблемалық аймақтарды өз көзімен бақылауды дәстүрге айналдырған. Бұл жолы оның назарын жеке сектор аумағындағы бейберекет төгілген қалдықтар үйіндісі аударды.

– Құрметті тұрғындар, қазіргі таңда аудан аумағындағы заңсыз қоқыс үйінділерін жою жұмыстары жүріп жатыр. «Ғарыш сапары» спутнигінен алынған мәлімет бойынша 100-ден астам орын тазартылды. Бұған қоса, тұрғындардан түскен өтініштер негізінде тағы 30-ға жуық аумақ ретке келтірілді, – деді аудан әкімі.

Биыл экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында «Елдімекендердің санитариясын қамтамасыз ету» бағдарламасы аясында тазалық пен тәртіп орнатуға бағытталған кешенді шаралар қолға алынған. Аудан бойынша көлемі 195 мың текше метрден асатын 150-ге жуық рұқсатсыз қоқыс үйіндісі анықталып, толық жойылған.

Алайда, жаңа үйінділердің пайда болуы істі тежеп отыр. Мәселен Норильская көшесіндегі қоқыс алаңы жиырма жылдан астам уақыт бойы қалып қойған. Енді учаскелік полиция инспекторлары тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

– Норильская көшесінде заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды. Осыған байланысты Киров полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Егер талаптар сақталмаса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша шара қолданылады, – деді аға инспектор Ерсайын Сәбиев.

Мамандардың айтуынша, қоқысты далаға, егістік алқаптарына немесе арнайы бөлінбеген жерлерге төгуге қатаң тыйым салынады. Мұндай әрекеттер қоршаған ортаға зор зиян келтіріп, топырақ пен ауаны ластайды, ауданның экологиялық ахуалын нашарлатады.

– «Таза Қазақстан» ұғымы әр тұрғынның жеке жауапкершілігінен басталады. Тазалық сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз, – деп қорытындылады аудан әкімі Досбол Күлекеев.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»