Оқырман конференциясы

Қарағандыда мемлекет және қоғам қайраткері Жақып Ақбаевтың 150 жылдық мерейтойына орай «Тәуелсіздік рухын оятқан тұлға» атты оқырман конференциясы ұйымдастырылды. Танымдық шараға 50-ге жуық мектеп оқушысы қатысты.

Жақып Ақбаев – қазақтан шыққан алғашқы құқық магистрлерінің бірі, білікті заңгер әрі Алашорда үкіметінің мүшесі. Ол Санкт-Петербург университетінде білім алып, кейін заң саласында қызметін жалғастырған. Алаш қозғалысының белсенді қайраткері ретінде халқымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға зор үлес қосты.

– Жақып Ақбаевтың 150 жылдығына арналған «Алаш елін ойлаған ұлы тұлға» тақырыбын таңдаудың өзі жас ұрпақ үшін үлкен тәрбиелік мәнге ие. Бұл тақырып арқылы балалар, ең алдымен, мәдени құндылықтарды меңгереді. Сонымен қатар әділдікке ұмтылу, дұрыс шешім қабылдау барысындағы ішкі тазалық пен дүниетанымның қалыптасуына да оң әсер етеді. Жақып Ақбаевтың өмір жолы мен еңбектері – өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі боларлық асыл мұра, – деді заң ғылымдарының магистрі Сәуле Серікбаева.

Конференция барысында ғалымдар Жақып Ақбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметіне қатысты тың тарихи мәліметтерді ортаға салды. Оның өмір жолын таныстыратын бейнеролик көрсетіліп, оқушылар Алаш қайраткеріне арнап өлеңдер оқыды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты – Жақып Ақбаевтың қоғамдық-саяси қызметін кеңінен насихаттау, құқықтық мұрасын таныстыру және тәуелсіздік идеяларын жас буынның санасына сіңіру.

– Бұл шараға Қарағанды қаласындағы мектеп оқушылары, колледж студенттері және зиялы қауым өкілдері қатысуда. Мұндай шаралар қазақтан шыққан алғашқы құқық магистрлерінің бірі Жақып Ақбаевтың өмір жолын танытып, оның және өзге де заң саласы мамандарының ел үшін атқарған еңбегін кеңінен насихаттауда аса маңызды рөл атқарады, – дейді Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің профессор ассистенті Марат Ыбрайхан.

Шараның соңында қатысқан спикерлерге ризашылық ретінде арнайы алғысхаттар табыс етілді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»