Оқушы ойын ойлап тапты
Қарағандылық Томирис Бақыт Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы негізінде Аbsolutely obsolete үстел ойынын құрастырып шығарды. Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы бұл дүниені тек ойнау үшін ғана емес, қазақ әдебиеті және мәдениетімен жақын танысу үшін жасаған көрінеді.
– Бұл ойынды құрастырудағы идея «Абай жолы» романын оқу кезінде пайда болды. Романның бірінші томын оқығанда маған көп сөз бен дәстүрлер таңсық болды. Қатарластарымнан сұрау арқылы мұндай проблема көп адамда бар екенін түсіндім. Сондықтан шығарманы түсініп оқып, сөздік қорын молайту үшін осындай ойын ойлап таптым, – деді Томирис Бақыт.
Absolutely obsolete үстел ойынында қазір 60 карта бар. Әр картада көне зат бейнеленген. Қатысушылар суретте көрсетілген бейнені дәл табуы шарт. Соған сәйкес көнерген сөздер жазылған карта да бар. Картада берілген суреттің атауын тауып, сөз жазылған картаның тұсына қоюы қажет. Бүгінде бойжеткен жетекшісі Бақыт Мекеевамен бірге жобаны жетілдіру жұмыстарын атқаруда.
– «Абай жолы» романында сипатталған батырлар мен рулар туралы бөлім қосуды жоспарлап отырмыз. Кейіпкерлердің шығармадағы рөлі және олар қатысқан оқиғалар туралы сұрақтары бар карточкалар әзірлейміз, – дейді жетекшісі.