ОҚУ ДӘСТҮРЛІ ҚАЛЫПТА ЖҮРГІЗІЛЕДІ

2021-2022 оқу жылында Қазақстанның 7475 мектебінде 3,4 млн-нан астам адам, оның ішінде 1 сыныпта 380 мыңнан астам бала оқитын болады. Оқу дәстүрлі форматта жүргізіледі. Вакцина алған педагогтер жұмысқа жіберіледі. Қазіргі уақытта вакциналауға жататын педагогтердің 93,1%-ы және білім беру мекемелерінің басқа қызметкерлерінің 88,4%-ы вакцина алды.

Үкімет басшысы оқушылар мен педагогтердің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету бойынша ұйымдастырушылық мәселелерді барынша тездетіп шешу қажеттігін атап өтті.

Білім және ғылым, денсаулық сақтау министрліктеріне, өңірлердің әкімдіктеріне жаңа оқу жылында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында, сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарында оқуды штаттық режимде қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл ретте әрбір мектепке дәстүрлі форматта оқу бойынша нақты ұсынымдар жеткізілуі тиіс. Сондықтан, Қарағанды қаласы әкімдігінің кезекті аппараттық мәжілісінде мектептердің жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қарастырылды. Өңірде мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оқыту әдеттегі форматта — оффлайн режимде өтеді.

— Өздеріңіз білетіндей, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төралығымен өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында жаңа оқу жылында оқушылар мен педагогтардың қауіпсіздік шараларын сақтауды ескере отырып, жалпы орта білім беретін оқу орындарында күндізгі оқу форматын қамтамасыз ету тапсырылды. Осыған орай, мониторинг топтары аудандық санитарлықэпидемиологиялық бақылау басқармаларымен бірлесіп, қала мектептерін аралап шықты. Бүгін қаламыздағы білім мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы туралы талдау жасайтын боламыз,- деп бастады жиынды өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Қалада 81 мемлекеттік және 8 жекеменшік мектеп жұмыс істейді, онда 70 мыңнан астам бала оқитын болады, олардың 7 мыңға жуығы бірінші сыныпқа барады. Бұл туралы Қарағанды қаласы Білім басқармасының басшысы Әшім Есентай Мұқатайұлы тарқатып баяндама жасады.

— 1 тамызға дейін 1-сыныпқа барушылардың тізімі қабылданды. Бүгінгі күні 7300 бүлдіршін мектепке қабылдануда. Оның ішінде 3140 бала – қазақ тілінде білім алса, 4189 бала – орыс тілінде оқуға ниет білдірген. 10-сыныптарға қабылдау 15 тамызға дейін жүргізілді. Биыл жоғары сыныпқа 2202 бала қабылданды. 1-11-сынып оқушыларын әрбір сыныпта 25 оқушы толықтығымен дәстүрлі форматта оқытуға дайындық жүргізілуде. Оқушылар барлық санитарлық және эпидемиологиялық талаптарды сақтауы үшін әрбір мекеменің кіре берісінде күнделікті мектеп және медицина қызметкерлері тексеріс жүргізіп отырады. Яғни, контактісіз термометр арқылы температура өлшенеді, қолдарын антисептикпен өңдейді. Сонымен қатар, ауру белгілері пайда болған балалар үшін арнайы медициналық кабинеттер мен изоляторлар қызмет ететін болады. Күнделікті мектеп кабинеттерінде желдету, ылғалдандыру, деззинфекциялау жұмыстары жүргізіледі. Санитарлық посттар мектептердің әр қабатында орналастырылады.

Бұдан бөлек, оқушы санының көптігіне байланысты қаламыздағы 20 мектепте 3 ауысымдық оқыту жүргізілуі мүмкін деп күтілуде. Себебі бір сыныпта 25 баладан артық отыру қауіп төндіруі мүмкін,- деп түсіндіріп өтті Есентай Мұқатайұлы.

— 1-сынып оқушыларына арналған «Алғашқы қоңырау» салтанатты жиыны ашық ауада өткізілуі тиіс. Ал 2-11-сынып оқушылары үшін сынып сағаттары жекелей кабинеттерде өткізіледі. Қаламызда жалпы білім беретін мектептерде 6720 педагог қызмет атқарады. Соның ішінде 79%-ы екі компонентті екпе алды.

Оқу жылымен бірге Білім басқармасы тарапынан мониторингтік топтар өз жұмысын жандандырады. 2 тамыздан бастап 73 мектепті аралап, тексерді. Осы аптаның соңына дейін барлық мектептерді қарап шығу жоспарда бар.

Жалпы, мектептердің барлығы санитарлықэпидемиологиялық талаптарды сақтауға дайын. Қауіпсіздік үшін қажет құралдар мен өңдеу заттары қырқүйек, қазан айларына жеткілікті. Барлық оқушылар оқулықпен толықтай қамтамасыз етіледі. Жаңа оқу құралдарын алу үшін 560 млн теңге көлемінде ақша бөлінді.

Қарағандыда 17 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мектептерде бейнебақылау камералары бар. 250-ден астам оқушысы бар 68 мектепке арналған хабарландыру жүйесі мен турникеттер орнату үшін қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта орнатуға келісім-шарттар жасалуда,- дейді Білім басқармасының басшысы Әшім Есентай .

Барлық мектептер интерактивті жабдықтармен, кең жолақты интернетпен жабдықталған. Әрбір оқушы оқулықтардың толық жиынтығымен қамтамасыз етілетін болады.

Бұдан бөлек, аппараттық жиында мониторингтік топтар жүргізген тексерістің қорытынды нәтижелері, балалардың қауіпсіздігі үшін маңызды жол мәселесі, қоғамдық көлік жүрісінің кестесі, Қарағанды қаласына қарасты аудандық әкімдіктердің жаңа оқу жылына дайындығы және тағы да басқа мәселелер талқыланды.

Қорыта айтқанда, оқыту қатаң санитарлықэпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, 25 оқушыдан асырмай, «бір сынып — бір кабинет» принципі бойынша өткізіледі. Сол себепті қосымша сыныпжиынтықтары ашылатын болады.

Қала басшысы Бөлекпаев Ермағанбет жауапты шенеуніктер мен қызметкерлерге балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін барлық жағдайды жасауды қатаң тапсырды.

Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»