ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ЖҮРГІЗУГЕ ҚҰЛШЫНЫС НЕГЕ АЗАЙДЫ НЕМЕСЕ ТАҒЫ 400 ЖҮРГІЗУШІНІ ҚАЙДАН ТАБАМЫЗ?

Қарағандыда қала ішіндегі автобус маршруттарын жүргізуге 400 жүргізуші жетіспейді. Осының салдарынан бірқатар бағыт бойынша қатынайтын қоғамдық көлік тоқтап қалған. Қалалық әкімдік қазір жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүргізушілер іздеп әлек. Бірақ бұл жұмыс еш нәтиже бермей отыр. Автопарктер болса мәселе бұлай жалғаса беретін болса, онда тағы бірқатар бағыттарға қатынайтын тиімсіз, яғни өз-өзін ақтай алмайтын бағыттар бойынша автобус тоқтап қалуы мүмкін деп отыр.

Автобус жүргізу оңай емес. Мұны кез-келген жүргізуші айтып береді. Таңғы 4-тен бастап алғашқы рейстерге дайындаласың, үйге түнгі 12-лер шамасында келесің.  Көбі жұмыс кестесінің осындай тығыздығына көндіге алмайды, дейді талай жылдардан бері автобус жүргізіп жүрген Баһадүр Абдуллаев есімді 3-ші автопарк жүргізушісі. Ол аздай, елдегі ахуалға байланысты жолаушылар нөпірі едәуір азайған. Бұрынғыдай сабылған студенттер, сауда ойын-сауық орталықтарына баратын көпшілік жоқ. Бұл өз кезегінде «жоспардың» орындалмауына әкеледі дейді ол.

Ал, Қарағанды қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Темірлан Талдыбаевдың сөзінше жүргізуші куәлігін алудағы заңнамалық өзгерістер де көлік тізгіндейтіндердің азаюына едәуір ықпал еткен. Атап айтсақ, жүргізушілерде автобус жүргізетін «D» санатын алу қиындығы да бар көрінеді. Ол үшін олар алдымен «D -1» санатын алу керек, содан кейін 3 жыл жұмыс істейді. Тек содан кейін ғана «D» санатын алады. Ал, Қарағанды автопарктерінде «D-1» санаты бойынша келетін автобус жоқтың қасы, барлығы «D» категориясына шақталған.

 Осының салдарынан таңның атысы, күннің батысымен жүрген жүргізушілер қосымша тағы да сағаттап жұмыс істеуге мәжбүр.  Оны автопарк өкілдері де мойындап отыр. Қаладағы ең ірі 3-ші автопарктің қызмет көрсету бөлімінің басшысы Тимур Есекеев кей жүргізушілер тіпті тиісті межеден 60-70 сағатқа дейін артық жұмыс істейді дейді.  Негізі олардың нормасы 176 сағат болса, жүргізуші жетіспеушілігі салдарынан 240 сағатқа дейін жолда жүргендер бар. Жүргізушілер жетіспегендіктен әкімдік тарапынан толық дотация жасалмаған. Сондықтан әзірге айлықты көтеру мәселесі қаралмай отыр, -дейді маман.

  Расул МҰХАММЕД