Қоғамдық көлік қызметі қарағандылықтарды қажытты
Жылдар бойы қарағандылықтардың көңілі толмайтын екі мәселесі болса, оның бірі – жол, екіншісі – қоғамдық көліктер қызметі. Жолдың жәйі белгілі. Көктемнен қара күзге дейін қажытатын тақырып. Ал қоғамдық көліктерге келсек жолаушының жанайқайын естімейтін керең сала секілді. Олай дейтініміз жолдағысы қызмет көрсетіп жарытпайды, енді бірі тоқырауға тап болып, қаңтарылып тұр. Тағы бірі жолаушы таси жүріп, жанып кетсе, екіншісінде құжатсыз адам жұртты тасып, жалған нөмірлі көлікпен жүрген. Осыдан келіп заңды сауал туындайды. Қоғамдық көлік қызметіне жалпы қадағалау бар ма өзі ?!
Қазіргі таңда Қарағанды қаласында қалалық және қала маңындағы бағыттар бойынша жолаушылар тасымалы қызметін 6 автобус паркі орындайды.Қарағанды қаласында жолаушыларды тасымалдайтын сыйымдылығы үлкен «Ютонг», «Мерседес», «Ман» автобустары және сыйымдылығы орташа «ПАЗ», «Шаолинь» автобустары бар. «Шаолинь» автобустары Қытайда өндіріледі, қалалық маршруттарда жұмыс істейтін бұл автобустардың көбісі 2013-2014 жылы шыққан.
Биылғы жылы «Таксокомбинат 1» ЖШС және «Рейс» ЖМ жаңа 40 автобус сатып алды. Бұл автобустардың төртеуін «Таксокомбинат» қаңтар айында алды, бүгінгі күні ол автобустар №30 және №01 маршруттарда жұмыс істейді.Қалған автобустардың жеткізілуі мамыр айында күтілуде.
Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап карантиндік шаралардан жолаушылар ағынының төмендеуіне және білікті жүргізушілердің жетіспеуіне байланысты қалалық №34 маршруттың қозғалысы уақытша тоқтатылды. Майқұдықтағы 1 және 2-кварталдың тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында №56 маршруттың қозғалыс сызбасы 1-2 квартал арқылы өтетін болып өзгертілді.Тиісті жолаушы ағыны қалпына келген жағдайда қаңтарылған маршруттың қозғалысын қайта іске қосу жоспарда бар.
Бұрындары жоғарыда айтылған 1-2 кварталды қамти жүрер екі маршурт болса, соның бірі «№014 шағын автобусы болатын.Бұл маршруттың да қозғалысы жолаушы ағынының төмен болуына байланысты 2019 жылы тоқтатылған. №014 маршруттың схемасы қазір №56 маршруттың схемасымен сәйкес келеді.Сонда 014 маршруттың және 34-автобустың ауқымды планы 56-автобусқа жүктелгені ғой. Тағы да жолаушы тілегі ескерілмеген. Осыдан келіп орталық жолдан шеткері жатқан 1,2- квартал , Бабушкина, Каретная көшесінің тұрғындары жалғыз 56-автобусты қанағат тұтуы тиіс. Не болмаса барар жеріне жету үшін 15-20 минут сабылып «Ұмай» немесе «Восток -2» аялдамасына шығуға мәжбүр.
Жолаушылардан толассыз шағым түссе де қызмет көрсету сапасы жылдар бойы жақсармай келе жатқан 7-автобус жайы тіптен бөлек.
Осыған дейін бұл маршрутта «Арман» автопаркі жұмыс істеді. 2020 жылдың қыркүйек айында ол автопаркпен келісімшарт бұзылған.Себеп –қызмет сапасының нашарлығы, қозғалыс тұрақтылығының сақталмауы. Осылайша 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап №7 маршрутқа «Таксокомбинат 1» ЖШС автопаркі қызмет көрсетуде. Қазірге кезде маршрутта 14 автобус жұмыс істейді, қозғалыс аралығы 17-19 минутты құрайды екен мыс. «Таксокомбинат 1» ЖШС жаңа автобустар сатып алу есебінен осы маршруттағы автобустар санын ұлғайту жоспарлауда. Қалалық КШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің маманы берген мағлұмат осындай.Ал шындығында жағдай өзгеше.Жоғарыда айтылған сол 14 автобустың күнделікті желіде жүретіні 9-10. Осыдан келіп интервал ұзақтығы бұзылады. Шулы автоубстың шынайы көрінісін шулаған жолаушы бізге растап берді. «Қыста 30-40 минуттап болмайтын бұл автобус жазда да жүріп жарытпайды»,- дейді.Автобустағы лық толы халықтың көбісі «Әкімшілік қайда қарайды? Неге ауқымды автобус шығармайды? Билет берілмейтіндіктен күнделікті кіріс есебі қадағалаушыларға дұрыс жетпейді. Осыдан келіп жолаушылар жапа шегеді»,-деп үдере шулап қоя берді. Бір автбустағы мұңы бірлердің айтпағы осы.
Қазіргідей коронавирус індеті өршіп тұрған шақта адам ең көп шоғырланатын орынның бірі — осы қоғамдық көліктер. Алайда үлкені болсын, шағыны болсын автобустардың шаңы аспанға шығып жататыны жасырын емес. Оны жолаушылар әлеуметтік желіде жиі жазып та жатады, бейне дәлелмен салып та жатады. Тасымал қызметіндегілердің тазалық шарасына көңілі толмайтындардың бірі — Анар Бейсенова. Базарда жұмыс жасайтын болғандықтан көбіне таңертең 6-7 кезінде бірінші шыққан автобустарға отырады екен.Алайда, күндік қозғалысын енді бастаса да таңертең көп автобустың іші лас болып жататынын айтты.
— Автобустар рейске таңмен таласа шығады. Күн ұзаққа қаншама сабылған сансыз жолаушы мінеді. Ал вирус ауамен тасымалданатын болғандықтан ауаны залалсыздандырып, жиі желдетіп отырған жөн. Ал біздегі қоғамдық көліктерде тазалық талаптары еш сақталмайды.Бірнеше күнгі шаң,тозаңмен жүреді. Өз басым соңғы аялдамадан сан мәрте отырып көрдім, бірақ әр қозғалыс алдында автобусты залалсыздандырған жан көрмедім.Ал тазалық тек күніне бір мәрте жұмыс күні соңында жасалса, ол өте аздық етеді.
Жолаушылардың негізді шағымдарын біз жауапты мекемеге жеткіздік. Қалалық КШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы Темірлан Талдыбаевтың айтуынша қоғамдық көліктердің қайсібірінде мұндай олқылық орын алатыны шындық екен.
— Бүгінгі күні коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында соңғы аялдама пункттерінде арнайы топтар автобустарды дезинфекциалау жұмыстарын күнделікті жүргізуде. Жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін автопарк базасында автобустар толық жуу мен дезинфекциялаудан өтеді. Дегенмен автобустардың санитарлық нормаларды бұзу жөнінде бірегей жағдайлар кездеседі, ол кезде автобустың экипажымен жеке жұмыстар жүргізіледі, — дейді.
Автобустың санын да шаңын да сараладық. Ал сол автобустардың қозғалыс ережесіне қаншалықты бағынатынын сұрасаңыз жолаушының жан жарасын тырнағанмен тең боласыз. Жоспарды орындау бар, жолаушыға талас бар.Әйтеуір аламан бәйгемен тең жарыс. Жарыстың нағыз көкесін көргіңіз келсе, жұмыс күні аяқталар уақытта Майқұдық пен қала ортасы, ХМК (нан макарон комбинаты) тұсынан Көгілдір тоғандар мөлтек ауданына дейінгі аралықты бақылаңыз. Ол аздай кейде жолаушысы аз автобусқа мінсең көлік ақауланып тұр, жанар –жағар май бітті деген сан сылтау айтып, жолаушыларды басқа маршрутқа мінгізеді.Жолаушы мұраты жету болғандықтан жұрт бұл азапқа да шарасыз көндігуде.
Айта берсең қоғамдық көлікке қатысты былық белуардан, шағым шашетектен. Арғысын айтпағаның өзінде соңғы бірер айда болған тосын жайттардың өзі жолаушыны тосырқатқаны шындық.
Күнделікті сізбен біз қаннен қаперсіз мінер маршруттық көліктің біріне қатысты наурыздың 24-інде анықталған ақпар жаға ұстатты.Автобусты басқаруға құқы жоқ жүргізуші жүздеген жолаушыны тасып, желіде жүрген.Сорақылық мұнымен бітпей, автобусқа жалған құжат жасалған, тіркеу нөмірі де басқа көлікке тиесілі болған.Қашандағыдай жауапты мекеме жауабы сау санаға сыймады. Жүргізуші оқиға орын алмастан бұрын жұмыстан шығарылған мыс. Әкімшілік полиция басқармасына автопаркті жауапкершілікке тарту туралы анықтама жіберілген.
Жарайды жүгенсіз кеткен ол жүргізуші жұмыстан шығарылды делік.Онымен де жағдай оңалып кетсе жақсы. Жолаушы бір сұмдықты ұмытып үлгерместен, екінші бір тосын жайт орын алды.16-сәуірде 11- маршруттық шағын автобус отқа оранды. Абырой болғанда жолаушылар зардап шекпеді.Оқиға көліктің өртенуімен тынды.Десе де автобусқа әр отырған сайын жанын шүберекке түйіп, діттеген жеріне дін аман жетсем дейтін жолаушы жайы қашан оңалары беймәлім.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«QH»