Қоғам өзгеріс күтеді

Саяси науқанда азаматтар өздерінің азаматтық белсенділіктерін көрсетсе екен деп ойлаймын. Әсіресе, ел келешегі – жастар бұл үрдістен тыс қалмаса екен. Жарқын болашақтан үміттенетін кез келген адамның сайлауға барып, таңдауын жасауы – маңызды.


Қоғамның өзгеріп, Жаңа Қазақстанның қалыптасқанын қалайтын әр тұлға әуелі өзгерісті өзінен бастаса. «Мен не қалаймын? Не күтемін? Ол үшін қандай еңбек жасауым керек?» деген сұрақтарға жауап іздеуі қажет. Жаман қасиет – масылдықтан арылу керек. Өз жүрген ортамызға, отбасымыз бен жұмыс орнына қалай үлес қосамыз деген ой төңірегінде әңгіме өрбіткен жөн. Осы сайлаудан үлкен үмітім бар. Ең әуелі Ата Заңды өзгерттік, енді Конституциялық заңды өзгерту қажет. Қазір қоғамымыз, тұтас халық өзгерісті күтіп отыр.
Сайлау – үлкен жауапкершілік. Шетелдік бақылаушыларға біздің сана-сезіміміз жоғары екенін, жетістігіміз – бірлік, ұлттық құндылығымыз – тәуелсіздік, басты байлығымыз – адам екенін көрсетсек деймін.
Азаматтық қоғамды алаңдататын не мәселе бар? Қазір өзге ұлттарға қарағанда қазақтар несиеге белшесінен батып жүр. Сосын тағы бір алаңдататын мәселе – масылдық. Өзбекстан, Қырғызстаннан келген адамдар жұмыс таба алады да, ал, өзіміздің азаматтар жұмыс жоқ деп жүреді. Негізі пандемия бірқатар мәселелерді көрсетті. Жоғарыда айтқан құрылыс, жөндеу жұмыстарында, аграрлық секторда да мәселелер жеткілікті. Өзге елден келген азаматтардың көмегінсіз көкөністі де жинай алмайды екенбіз. Халық денсаулығы, әсіресе, жастардың денсаулығы қазір нашар. Ол экологияға, тұтынған тамақ пен сусындарға, киген киімімізге байланысты. Қазір әскерге шақырылған жастардың көбісі жарамсыз болып жатады. Отау құрғандар бала көтере алмай, ажырасып кетіп жатыр. Былай қараса, мұның барлығы өзімізге байланысты мәселелер. Оны Президент келіп шешіп береді дейтін емес. Сондықтан, жауапкершілік сезініп, сайлауда белсенді болайық дегім келеді.

Құдайберген БЕКСҰЛТАНОВ,
Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы