«ҚОҒАМ СҰРАНЫСЫ — БІЛІКТІ МАМАН»

Дүние жүзін дүр сілкіндірген пандемия қандай мамандықтарға сұраныс арттырады? Осы мәселе төңірегінде Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы — Бейсенова Айгүл Аманжановна мен «Х.Ж.МАҚАЖАНОВА атындағы МБ» функционалды диагностиканың жоғары санаттағы дәрігері Абсаматова Гүлжан Абдикадировнамен әңгіме өрбіткен болатынбыз.

— Әлемдік пандемия елімізге ғана емес, дүние жүзіне елеулі өзгерістер әкелді. Әрине, кадрлар саласын да айналып өтпегені анық. Сіздің ойыңызша, қандай маман иелеріне сұраныс артады деп ойлайсыз?

Айгүл Аманжановна:

— Қазір барлық сала қашықтықтан жұмыс істеуде. Сонымен қатар технология да күннен-күнге шарықтап дамуда. Сол себепті, IT-технологтарға сұраныс артады деп сенімді түрде айта аламын. Кез-келген компанияда, жалпы ұжымда міндетті түрде бір IT-маманы болуы керек немесе барлық мамандық иелері IT-компетенцияны игеруі тиіс. Шет елдерде «Күміс университеттер» бар. Яғни, жасы келген тұлғалар, зейнеткерлер де аталмыш оқу орындарынан білім ала алады. Сонымен қатар АҚШ өзінің жоғары оқу орындарында өзге ел азаматтарына қашықтықтан білім алу мүмкіндігіне жол ашты. Бұл білім алу саласының шетсіз-шексіз дамып жатқандығының көрінісі. Сондықтан білім саласының мамандары да жоғары сұранысқа ие болары сөзсіз.

Гүлжан Абдикадировна:

— Пандемия елеулі өзгерістер алып келді. Көп дүниеге бөлек көзқараспен қарайтын болдық. Көптеген жақсы жандардан айырылдық. Бұл тұрғыда, әрине, медицина қызметкерлеріне сұраныс артады. Себебі, вирустың салдарынан халықтың иммунитеті төмендеді, денсаулықтың қадірін түсінді. Мектептер мен оқу орындары онлайн форматта білім беріп жатқандықтан, медицинамен қоса білім саласының мамандарына да сұраныс артады деп ойлаймын.

— Ал, керісінше, қандай мамандықтар мүлдем жойылып кетуі мүмкін?

Айгүл Аманжановна:

— Қоғамдағы кез-келген құбылыс міндетті түрде үлкен өзгерістер алып келеді. Алайда, мамандық мүлдем жойылып кетеді деп айта алмаймын. Бірақ басқаша бағытқа, заман талабына сай түрленетіні хақ. Мәселен, Қытай университеттері бірінші семестрден кейін қабілетті, ынтасы жоғары студенттерді іріктеп алып, сол саланы тереңдетіп оқытады. Бірақ басқа студенттердің білім алу мүмкіндігін шектемейді. Ал, іріктелген топ сұранысы төмен мамандық болса да, оны жоғары деңгейде, басқа бағытта игеріп, елге пайдасы тиетін маман болып шығады. Тура сол сияқты, кез-келген саланың басқа бағытқа түрленіп, қоғамға пайдасын тигізуге мүмкіндігі бар.

Гүлжан Абдикадировна:

— Нақты мынадай сала жойылып кетеді деп айту қиын. Қанша дамыса да, қоғамға барлық мамандық керек. Бастысы — мамандық емес, маман иесінің білікті, бәсекеге қабілетті болуы деп ойлаймын.

— Карантин уақытында барлығы tiktok, instagram желілерін ермекке айналдырды. Соның арқасында табыс тапқандар да аз емес. Жалпы, бүгінгі таңда табысты адамдардың көбі блогерлер. Ол да бір салаға, мамандыққа айналып бара жатқан тәрізді. Бұған көзқарасыңыз қалай?

Айгүл Аманжановна:

— Кез-келген сала қоғамның қажеттілігінен туындайды. Демек, блогерлерге деген сұраныс жоғары. Әрқайсысының өзінің аудиториясы бар. Пайдалы, ақпараттық-танымдық блог жүргізетіндер бар. Мүлдем қажетсіз контент жасап жүргендер де жоқ емес. Олардың аудиториясы да дамып, көздері ашылса, блогтары жойылып кетуі мүмкін. Қазірдің өзінде «гив», «лото» ойнатып жүрген блогерлерге сенімсіздік пайда бола бастаған. Сондықтан бұл салада да тек білімді, сауатты блог иелерінің ғана болашағы бар деп айта аламын.

Гүлжан Абдикадировна:

— Иә, бірнеше айлар бойы төрт қабырғаға телміріп қалғандықтан, адамдарда «бос» уақыт өте көп болды. Осы уақыттың басым бөлігін әлеуметтік желілерде өткізгендері де өтірік емес. Сапалы контент болса, неге әлеуметтік желілердің мүмкіндігін барынша пайдаланбасқа? Бірақ Абайға ерсі қылық «жасатып», біртуар тұлғаларымыздың келбетін өзгертіп жүргендерге түбегейлі қарсымын.

— Тұщымды жауаптарыңызға көп рақмет! Расымен де тәжірибе мен шығармашылық үйлессе, онда кез келген маман өз саласындағы қажырлы еңбегімен қоғамға тың идея, нәтижелі үлес қоса алатыны сөзсіз.