Қоғамға қауіпті сырқатқа шипа бар ма?

Қоғамға қауіпті. Соңғы күндері Астанадағы тұрғын үй кешенінде 5 жастағы балаға пышақпен шабуыл жасаған жасөспірімнің әрекеті көпшілік наразылығын туындатты. Мәлім болғаны жеткіншек психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған. Қоғам талқысына түскен бұл оқиғадан бері белсенділер мен депутаттар психоневрологиялық қызметті реформалауды көздеп отыр.

Жеделсаты ішінде болған жантүршігерлік оқиға қазақстандықтарды алаңдатып отыр. Анасы 5 жастағы Батырды дүкенге жіберген. Дүкеннен қайтқан кішкентай бүлдіршінге жеделсаты ішінде 14 жастағы жасөспірім пышақпен шабуыл жасаған. Балақайдың бетін пышықпен жарақаттаған. 4 қабатқа қансырап жалғыз көтерілген бала үйдің кіреберісіне жеткенде әлсірей түскен. Кейінірек, осындай оқиға кішірек қыз балаға қатысты да жасалуы ықтимал болғаны, бәзбіреулер кәмелетке толмаған қаскөйді қорқытып жібергені белгілі болды. Және 14 жастағы шабуылшы психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны да айтылды. Жұртты дүрліктірген бұл оқиға, шабуылшы баланың ақыл есі дұрыс еместігі және осындай диагнозы бар адамдардың қоғамда емін-еркін жүруі бүгінде ел аузында айтылуда. Ал депутаттар психоневрологиялық қызметтін кем-кетік жетілмеген мәселесін айтуда.

– Жақында лифтіде болған оқиға жай ғана қайғылы жайт емес, бұл қалыптасқан проблемалар бар екенін көрсетуде. Бұл жағдайда жүйелі кемшіліктер анықталды. Психикалық ауытқуы бар жасөспірім кез келген балаға шабуыл жасай алады. Ата-ананы жазалау ғана мәселені шешпейді. Олқылықты шешуде кешенді әрекет қажет, ерте анықтау, бақылау, алдын алу керек, – дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Депутат өзінің Telegram-каналында, кәмелетке толмаған жеткіншектердің психикалық ауытқуларын диагностикалау мен емдеуді жетілдіру қажеттігін атап өтті. Оңалтуды дамыту, сырқат балалардың туыстарын оқыту, сондай-ақ жақын жерде қоғамға қауіпті адам тұрған жағдайда сол маңдағы көршілері мен мектеп ұжымын міндетті түрде хабардар етуді ұсынды.

– Науқас ретінде тізімде тұрып, дәрігер қабылдауына келіп, тегін дәрі-дәрмегін алып, дәріні ішіп жүреді. Егер де науқас қабылдауға келмесе, патронажды қызмет мейірбике, тіпті қажет болса, дәрігер ретінде науқасқа барып жағдайын көремін. Бір оқиға болғанын айта кетсем: шизофрениямен ауыратын науқас жертөледе шұңқыр қазып, анасының мәйітін көмбекші болған. Анасын өлтіріп көмуді ойластырған. Осындай қауіпті оқиға болды, – дейді жоғары санатты психотерапевт Евгения Скрыль.

Психотерапевт бұл мәселеде тым қатал стандарттарды ұстануға болмайды, олай етсе салдарынан ауытқуы бар жандарды қоғамнан шеттетіп, жаппай бәрін бөлектеуі мүмкін дейді. Дегенмен, науқас жанды міндетті түрде дәрі қабылдауын бақылау, тұрақты медициналық бақылау аса қажет. Бұған дейін мәжілісмен Ирина Смирнова психиатриялық клиникаға барғаннан кейін бірқатар проблеманы алға тартып, диагноз тағайындау мен науқасты күтуге қатысты мәселе бар екенін жасырмады. Елімізде жекеменшік клиникалар жоқ екенін, тек мемлекеттік клиникалар ғана бұл бағытта іскерлік етіп отырғанын және психикалық ауытқуы бар науқастарға орын тапшы екеніне тоқталды. Салдарынан адамдар мүмкіндігі шектеулі туыстарын орын тапшылығына байланысты емдете алмайды. Балаларының сырқатын диагнозын да жасырып, қажетті көмексіз қалған жеткіншек жан түршігерлік әрекеттерге баратыны да айтылды. Сондықтан психиатриялық жүйені кең ауқымды қайта қарау қажеттілігі өзекті мәселе болып отыр.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,                                   

«QH»