«NUR OTAN» партиясының атауы «AMANAT» деп өзгертіледі

1 наурыз күні «Nur Otan» партиясының кезектен тыс 22-съезі онлайн форматта өтіп, оған еліміздің түкпір- түкпірінен 393 делегат қатысты. Мемлекет басшысы, партия төрағасы Қасым- Жомарт Тоқаев онлайн форматта өтіп жатқан «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXII съезі кезінде партияны «Аманат» деп атауды толық қолдайтынын айтты.

«Қазір бүкіл әлемдегі ахуал өзгеріп жатыр. Жаңа құндылықтармен қатар күрделі сын-қатерлер пайда болып жатыр. Осындай аумалы- төкпелі уақытта еліміз дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Біз жаңа Қазақстан құруға кірістік. Бұл — өте ауқымды міндет. Тіпті болашақтағы тағдырымызды шешетін аса маңызды жұмыс деуге болады», — деп айтты Тоқаев.

Президент оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат- міндеттерді айқындап алу қажеттігін атап өтті.

«Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс. Ол үшін өзгерісті алдымен өзімізден бастауымыз керек. Сондықтан бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе — партияны жаңғырту. Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі — заңдылық. Бұл — уақыт талабы. Осыған орай, жаңа ғана айтылғандай, саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ. Мен де бұл мәселеге қатысты пікірталасқа қатыстым», — деп түсіндірді Тоқаев.

Президент партия атауын өзгертуге бірнеше ұсыныс айтылғанын айтты.

«Соның ішінен «Аманат» атауына тоқтадық. Мұның еліміз үшін де, ұлтымыз үшін айрықша мәні бар. Киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең-байтақ жеріміз — бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз — міне, осы», — дейді Президент.

Тоқаев атап өткендей, халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағиданы берік ұстанады.

Сондай-ақ партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов әлеуметтік желідегі парақшасында партияның «AMANAT» деп аталуының 7 себебін жазды:

«Тура 23 жыл бұрын 1 наурызда партияның құрылтай съезі өткенін білесіздер. Дәл осы күнге орайластырылған бүгінгі жиынның партия тарихындағы орны бөлек. Себебі біз бүгін партия төрағасының 28 қаңтарда өткен съезде модернизациялау бойынша берген тапсырмасы аясында дайындалған бағдарламаны талқыладық, оны съезд делегаттары бірауыздан мақұлдады», — деп жазды Оралов.

Осыған орай Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясы фракциясының төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов партия атауын «Amanat» деп өзгерту туралы ұсыныс білдірді.

«Мемлекет басшысы, партия төрағасы Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл ұсынысқа қолдау білдірді, партияның жаңа атауын съезд делегаттары да бірауыздан қолдады. Съезд шешімімен партияның Жарғысына тиісті өзгерістер енгізіліп, жаңа атауы мен белгісі бекітілді. Мұны жаңа Қазақстан құру жолында жаңарған партиямызға берілген айрықша жауапкершілік пен көрсетілген зор сенім деп санаймын», — деп жазды ол.

Асхат Оралов партияның «AMANAT» деп аталуының себебіне қысқаша тоқталып өтті:

«Біріншіден, «AMANAT» — мемлекет мүддесі үшін тарихи жауапкершілік алған партия.

Тәуелсіз мемлекетіміз, еліміз бен жеріміз — ата-бабамыздың бізге қалдырған аманаты. Осы аманатты халық игілігі үшін сақтап қалу, келер ұрпақтарға жеткізу — ел тұтқасын ұстаған бас партия үшін ең үлкен жауапкершілік.

Екіншіден, «AMANAT» — халық мұрасын сақтаушы партия.

Тамыры терең тарихымыз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз, тіліміз бен салт-дәстүріміз — тәуелсіз Қазақстанның барша азаматының мұрасы.

Осы мұраны біртұтас елдің ортақ мүддесі үшін аманат ретінде көздің қарашығындай сақтап, дамуына жағдай жасау — партияның ірі міндеттерінің бірі.

Үшіншіден, «AMANAT» — мемлекеттік мүддеге адал, қоғам игілігіне жұмыс істейтін партия.

Халық ұғымында «аманатқа қиянат жасалмайды», яғни аманатты сақтаушы партия мүшелері — ең әуелі мемлекет мүддесіне адал азаматтар.

Төртіншіден, «AMANAT» — сайлаушылар аманатын орындайтын, халық үніне құлақ асатын партия.

Халықтың үні — сайлау кезінде азаматтардың талап- тілегі мен партияға тапсырған аманаттары. Олар сайлауалды бағдарламаға енгізілді. Партия сайлаушылардың аманатын орындау арқылы елге қызмет етеді. Барлық аймақтағы қабылдау бөлмелері мен қоғамдық кеңестері арқылы халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, билік органдарына жеткізіп, оң шешім қабылдануына ықпал етеді.

Бесіншіден, «AMANAT» — қоғамдағы әлеуметтік әділдікті жақтайтын, барша азаматтарға тең мүмкіндік беруді қолдайтын партия.

Біз бір-біріне қолдау білдіретін, мықтылары әлсіздерге жәрдем беретін, әлеуметтік әлсіз топтардың мүддесін қорғайтын қоғам құруға ұмтыламыз. Аманат сақталған жағдайда, қоғамда адамдар арасындағы бауырмалдық, сенім мен мейірім күшейеді, ел ішінде ырыс-береке ұялайды.

Алтыншыдан, «AMANAT» — отбасы құндылықтарын, қоғамдық бірлікті насихаттайтын партия. Тәуелсіз Қазақстанды өркендететін келер ұрпақ болғанда, зиялы, көзі ашық, тәрбиесі көркем ұрпақ тәрбиелеу — ата-ананың, қоғамның және мемлекеттің мойнындағы аманат. Сондықтан партия отбасы институтының берік болуына, ұлттық бала тәрбиесіне, ана мен бала құқығының қорғалуына баса назар аударады.

Жетіншіден, «AMANAT» — мемлекетті басқаруға көрсетілген сенім.

Бір ұжымның қызметкерлері — басшыға, сайлаушылар — партияға, халық — Президентке аманат.

Парламентте, жергілікті мәслихаттарда конституциялық басымдыққа ие, Үкімет пен жергілікті атқарушы билікті қадағалайтын партия ретінде мемлекетті дамытуға, оны озық елдердің қатарына қосуға, халық тұрмысын жақсартуға күш саламыз. Осы мақсат жолында партия Президенттің қоғамдық- саяси және әлеуметтікэкономикалық реформаларын толықтай жүзеге асыру үшін оған жан-жақты қолдау көрсетеді. Жаңарған партиямыз атына заты сай болады деп сенемін. Алғыс айту күні құтты болсын! Мемлекет пен халық игілігіне жасаған қызметтеріңіз үшін мың алғыс», — деп жазды Асхат Оралов.

Айта кетейік, «Nur Otan» — Қазақстан Республикасындағы саяси маңызы бар басты партия. Еліміздегі Үкімет мүшелері мен билік өкілдерінің басым бөлігі осы партиядан сайланады.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»