Әнмен өрілген ұрпақтар сабақтастығы

Елорда күні қарсаңында Қарағанды қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында ерекше мазмұнға ие «Шаңырақ шаттығы» атты мерекелік концерт өтті. Өнер кешінде орталықтың ардагерлері сахнаға немерелерімен бірге шығып, ән шырқап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген игі шара отбасы құндылықтарының өміршеңдігін тағы бір мәрте айқын көрсетті.

Концерттің басты ерекшелігі – әртістік шеберліктен бұрын, жүректен шыққан шынайылық пен бірнеше буынның бір сахнада тоғысуы болды. Әжелер мен аталар немерелерімен бірге өнер көрсетіп, ұлттық әндерді орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бұл кештің әрбір нөмірінен үлкенге құрмет пен кішіге өнеге, отбасы бірлігі мен рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі сезілді.

Қазіргі таңда зейнеткерлік жас өмірдің баяулаған кезеңі емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын уақыт екенін «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының қызметі дәлелдеп келеді. Мұнда егде жастағы азаматтар денсаулығын нығайтып қана қоймай, жаңа достар тауып, шығармашылық қабілеттерін дамытып, бұрын орындалмай қалған армандарына қайта оралуға мүмкіндік алады.

Осындай жандардың бірі – орталықтың тұрақты қатысушысы Сабира Тойбекова. Оның өнер ұжымына қосылғанына екі жылдан асты. Бала күнінен ән айтуды армандағанымен, өмір жолы басқа мамандыққа жетелеген. Алайда жүрек түкпіріндегі арман зейнеткерлікке шыққан соң қайта жаңғырып, бүгін үлкен сахнада орындалып отыр.

– Бала күнімнен ән айтуды жақсы көретінмін. Өнерге деген қызығушылығым ешқашан жоғалған емес. Зейнетке шыққан соң «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына келіп, көптен бергі арманымды жүзеге асыруға мүмкіндік алдым. Қазір концерттерге қатысып, кейде жеке ән де орындаймын. Бұл орта маған жаңа серпін сыйлады. Мұнда өзімді қажет адам ретінде сезінемін, жаңа достар таптым, өмірге деген құлшынысым артты. Сондықтан орталыққа әрдайым үлкен ықыласпен келемін, – дейді Сабира Тойбекова.

Бүгінде Қарағанды қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына екі мыңға жуық зейнеткер тұрақты түрде келеді. Олар бос уақыттарын тиімді өткізіп, денсаулықтарын нығайтып, қоғамдық өмірге белсенді араласуда.

Орталық басшысы Саян Жарылғаповтың айтуынша, мұнда егде жастағы азаматтардың қызығушылығына қарай жан-жақты жағдай жасалған.

– Орталығымызда 30 түрлі тегін үйірме жұмыс істейді. Қатысушылар спортпен айналысып қана қоймай, ән айту, би, қолөнер, тіл үйрену, йога және басқа да шығармашылық бағыттар бойынша өз қабілеттерін дамыта алады. Біздің басты мақсатымыз – зейнеткерлердің белсенді өмір салтын қалыптастырып, денсаулығын нығайтуға және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау, – дейді орталық басшысы.

Мерекелік концерт барысында өнерпаздар халық әндерін орындап, би билеп, шығармашылық ұжымдардың үздік нөмірлерін ұсынды. Сахна төрінде немере мен әженің, ата мен немеренің бірге өнер көрсетуі көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Бүгінде қоғамда қарттықты тек тыныштықпен байланыстыратын түсінік біртіндеп өзгеріп келеді. Оның орнына белсенділік, өзін-өзі дамыту, шығармашылықпен айналысу және қоғам өміріне араласу мәдениеті қалыптасуда. «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы осы бағыттағы маңызды әлеуметтік жобалардың біріне айналып отыр.

«Шаңырақ шаттығы» концерті соның жарқын дәлелі болды. Өнер кеші ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, зейнеткерлік шақтың да жаңа бастамалар мен орындалған армандар кезеңі екенін көрсетті. Ал бір сахнада тоғысқан әжелер мен немерелердің әсем әні көрерменге отбасының ең үлкен байлық, ал рухани сабақтастықтың ұлттың мәңгілік құндылығы екенін тағы бір мәрте ұғындырды.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»