Next Urpag: Жастарға жол ашқан жаңа ұрпақ алаңы

Қарағанды маңындағы жасыл табиғат аясында жастардың шабытын оятып, еркін ойын ұштайтын ерекше жоба – Next Urpag көшпелі лагері өтуде. Бұл – еліміздің түкпір-түкпірінен келген белсенді жас буынның басын қосқан шабыт пен мүмкіндіктер мекені. Лагерьдің мақсаты – қоғамнан шет қалған жастарды қолдап, олардың әлеуетін арттыру, жаңа өмірлік бағыт табуға жол ашу.

Елімізде 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны 6 миллионға жуық. Бұл – елдің болашағын айқындайтын үлкен әлеует. Осы әлеуетті іске асыру мақсатында ұйымдастырылған Next Urpag лагері – еркін пікір алмасуға, тәжірибе жинауға және өзін-өзі дамытуға арналған жаңа форматтағы жоба. Қатысушылар мотивациялық сессияларға қатысып, кәсіби бағдар мен тұлғалық даму бағытында білікті коучтерден сабақ алады.

– Осындай лагерьдің ұйымдастырылғанына үлкен рақмет. Мұнда өз ойыңды еркін жеткізесің, жаңа адамдармен танысып, болашаққа деген сенімің артады, – дейді жобаға қатысушы Айгерім Досанова.

Қарағанды облысында NEET санатындағы (яғни оқуға да, жұмыс істеуге де қатыспайтын) жастардың үлесі 8 пайызды құрайды. Бұл санаттағы жастармен тікелей жұмыс істеуді көздеген жоба ұйымдастырушылары ерекше тәсілді таңдаған.

– Біз биыл жаңа әдісті байқап көруді ұйғардық. Бес күн бойы 100 жас арнайы тренерлерден сабақ алады. Кейін алты ай бойы олардың өміріндегі өзгерістерді бақылап отырамыз. Егер осы жастардың оншақтысы болсын өмірін жақсы жаққа өзгертсе – бұл біз үшін үлкен нәтиже. Үмітіміз зор, нәтижесін уақыт көрсетеді, – дейді Қарағанды облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова.

Лагерь барысында жастар кәсіби бағдар, тұлғалық даму, көшбасшылық пен қаржылық сауаттылық бағыттарында тәжірибе жинауда. Сонымен қатар бейресми түрде жұмыс істейтін, дипломы бар, бірақ нақты бағыт таппаған жастармен де жеке жұмыс жүргізілмек.

– «Next Urpag» лагері – жай ғана демалыс емес, өз жолын іздеген жастарға бағыт-бағдар беретін орта. Біздің басты мақсатымыз – әр жас өз әлеуетін танып, қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашу, – деп атап өтті Облыстық жастар ресурстық орталығының ақпараттық саясат және коммуникация бөлімінің басшысы Аслан Кабегенов.

Жастардың жаңа буыны – ел болашағы. Ал осындай бастамалар олардың арманын іске асырып, өмірге жаңа серпін береді.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»