Өнерім – менің өмірім…

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Мыңғыш Әбілқасовтың мемориалдық көрмесі ашылып, «Өнерім – менің өмірім» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл – суретшінің ұлы мен бейнелеу өнері мұражайының бірлескен жұмысы.
Көрмеге Мыңғыш Әбілқасовтың туған-туыстарының коллекциясынан, сондай-ақ бейнелеу өнері музейінің қорынан суретшінің жарты ғасырлық шығармашылық жолын бейнелейтін 70-тен астам жұмыс қойылған.

– Бұл – Қарағандының майталман суретшісі, Сарыарқаның саңлақ суретшісі Мыңғыш Әбілқасовтың 80 жылдығына арналған көрме. Онда әр түрлі жанрдағы жұмыстар, соның ішінде графика мен мүсін ұсынылған. Сондай-ақ біз «Өнерім – менің өмірім» кітабын ұсындық. Онда суретшінің біздің мұражайда сақталған 19 туындысы, отбасылық коллекциядан алынған туындылар және олардың сипаттамасы, фотосуреттері, суретші әріптестерінің естеліктері бар. Ол кісінің мүсін өнерінде де, монументалды өнерде де, графикалық жұмыстарда да еңбектері бар. Осы көрмеде ұсынылып отырған негізгі жұмыстарының басым көпшілігі, яғни 63 жұмыс отбасы қорынан, 3 жұмыс қана біздің музей қорынан алынды. Мыңғыш Мәуленұлы Қарағандының ғана емес, жалпы Қазақстандағы бейнелеу өнерінің дамуына зор үлес қосты. Ол – түс таңдау шебері, әдемі портретші. Оның қылқаламдары таңғажайып пейзаждарға тиесілі, – деді музей директорының орынбасары Мейрамгүл Елубаева.

Көрме 27 ақпанға дейін жалғасады.
– Мен бұл көрмеге әкемнің кей жұмысын әкелдім. Маған оның «Қырым. Грузия» картинасы ерекше ұнайды. Ол 1969 жылы жазылған. Орындау тәсілі де таң қалдырады, ондағы мінез бен күй соны үлгімен берілген. Әкемнің «Ескі қала» туындысын да жақсы көремін, – дейді суретшінің ұлы Төлеген Әбілқасов.
Мыңғыш Әбілқасов 2013 жылы «Шерубай-Нұра» картинасын салып жатқан кезде қылқаламын қолына ұстаған бойы қайтыс болған. Оның соңғы онжылдықтағы жұмысында басты орынды портреттер мен пейзаждар алады. Портреттерде суретші сыртқы ұқсастықты емес, адамның рухани әлемінің негізін іздеді.
– Бүгін, міне, Мыңғыштың соңында қалған мол мұрасы тағы да көрермен назарына ұсынылып отыр. Мыңғыштың өмірде оқығанынан тоқығаны көп, ол – Арқаның бейнелеу өнеріне үлкен өшпес мұра қалдырған суретшілердің бірі. Мәкеңнің ерекшелігі – оның бір шығармасы екінші шығармасына ұқсамайды, жаңа мәнер іздейді, жаңа ерекшелікті, жаңа көркемдікті, жаңа талғамды дәріптейді. Арқаның керемет характерін, Арқаның өзіне тән ерекшелігін бояу түстерінің ғажап реңктерінің үйлесімімен ерекше көрсете білген суретшілердің бірі – осы Мыңғыш. Оның әрбір еңбегінде үлкен ой, көркемдік ерекшелік бар. Тақырыптары табиғат, қазақтың рухани өмірі жайында, тарихы жайында және келбет өнерінде адам портретіндегі психологиялық мінезді көрсете білу – оның төртінші ерекшелігі. Мұның барлығы – айтуға оңай болғанмен, суретші жан дүниесінен, оның еңбекқорлығынан, оның тынымсыз ізденісінен туған туынды. Осы туындылар арқылы Мыңғыштың қандай еңбекқор екенін көреміз. Орыстың керемет өнер зерттеушісі әрі суретші Иван Крамской этюдник үстінде қайтыс болған екен, қазақта сол этюдник үстінде өмірін берген – осы Мыңғыш. Осы қайталанудың өзі жайдан-жай емес, – деп атап өтті педагог және өнертанушы Жүрсін Балкенов көрменің ашылуында.
Мыңғыш Мәуленұлы Әбілқасов 1943 жылы 26 ақпанда Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. 17 жасында Алматы көркемсурет училищесіне түсіп, оны тәмамдаған соң көмірлі қаламызға қайтып оралып, еңбек жолын бастайды.
Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде оқып жүрген кезінде суретші бүкіл әлемге танымал белгілі кескіндемеші суретшілерден дәріс алып, басқан қадамы сәтті болды. Бірінші курста қазақ халқының тұңғыш суретші қызы Айша Ғарипқызы Ғалымбаева сабақ беруден бастаса, одан әрі Әубәкір Ысмайылов, Молдахмет Кенбаев, Алексей Ильич Бортников сынды Одақ пен республика көлеміне аттары танымал суретшілерден тәлім-тәрбие алды.
1970 жылы Суретшілер одағына мүше болып қабылданады.
Мыңғыш Мәуленұлы ерен еңбегі үшін 1990 жылы Қазақ КСР-ына еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын алды.
Көптеген аймақтық, республикалық, облыстық, халықаралық көрмелерге қатысқан қылқалам шебері.
Өмірінің соңғы жылдары суретші жалпыадамзаттық идеяларға терең үңіле бастаған. Бұл да – кескіндеме шеберінің суреткерліктің биік шыңына көтерілгенінің белгісі. Дарынды талант иесінің өмірі – қай жағынан алсақ та, кез келген азаматқа ғибратты, өнегелі ғұмыр. Суретшінің жұмыстары қазақстандық көптеген музейде және шетелдік жеке жинақтаушылардың меншігінде де бар.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»