Өнер мен шабыт мерекесі
Қарағанды қаласының Орталық саябағы бір күнге өнер мен шабыттың орталығына айналды. Мұнда өткен «ARTSPORT ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ» атты балалар мен жасөспірімдердің облыстық шығармашылық фестивалі – тек мерекелік көңіл күй ғана емес, жас буынның өнерге деген ынтасын арттыратын ауқымды мәдени оқиға болды.
Шараны Қарағанды қаласының Мәдениет басқармасының қолдауымен мемлекеттік шығармашылық тапсырыс жеткізушілері ұйымдастырды. Фестивальдің басты мақсаты – шығармашыл жастарды қолдап, олардың өнер жолындағы алғашқы қадамдарын көрсетуге мүмкіндік беру.
Фестиваль аясында облыстың әр түкпірінен келген балалар мен жасөспірімдер ән шырқап, би билеп, көркемсөз оқып, музыкалық аспаптарда ойнады. Сонымен қатар, сурет салу, қолөнер, ұлттық өнер және театрландырылған қойылымдар да көпшілік назарына ұсынылды. Бұл – үйірмелер мен өнер мектептерінің оқушылары үшін үлкен сахнада өнер көрсетуге берілген керемет мүмкіндік.
Теміртау қаласындағы «Қарақат» өнер мектебінің тәрбиешісі Мадина Исаева фестивальге үлкен дайындықпен келгендерін айтып өтті.
– Біз қазір бұл жерге 120-дан астам шәкіртімді алып келіп, кішігірім делегация болып келіп отырмыз. Шәкірттерім домбырада ойнау, сурет салу, би билеу және басқа да өнер түрінде бақтарын сынайды. Осындай шаралар арқылы ұлттық өнеріміз де кеңге жайылып, ауқымы кеңейе береді деп ойлаймын. Балалар өзгеде дарынды балалармен араласып, тәжірибе алмасады. Қазір әр баланың жүрегі дүрсілдеп, қобалжу сезімі болып тұрғанын ұстаз ретінде сезініп тұрмын. Тіпті сахнаға алғаш шығайын деп тұрған оқушыларым бар. Осы секілді шаралар көптеп болып тұрса деймін, – деді ол.
Жас өнерпаздардың еңбегіне баға беріп, оларды қолдауға ата-аналар, қала тұрғындары мен қонақтар көптеп жиналды. Қол соғу мен жылы лебіздер, балғын дарындарға шабыт сыйлағаны анық.
Фестивальдің мазмұны тек сахнамен шектелген жоқ. Ашық алаңда түрлі шеберлік сағаттары, қолөнер көрмелері, арт-аймақтар, квест-ойындар ұйымдастырылды. Балалар бояумен сурет салып, ермексаздан мүсін жасап, қағаздан оригами жасап үйренді. Әрбір бала өз қызығушылығына сай белсенділікке қатысып, бір сәтке болсын өз-өзін шығармашыл тұлға ретінде сезінді.
Фестивальде өнер көрсеткен «Қарақат» өнер мектебінің тәрбиеленушісі Толғанай Тиыштық та өз ойымен бөлісті.
– Домбырада ойнап жүргеніме биыл үшінші жыл. Ұлттық өнер арқылы шетелге де шығып үлгердім. Өзбекстан еліне барып, Гран-при алған болатынбыз. Бүгін көптеген өнерлі балаларды көріп, қуанып жатырмын. Қарағандыда осыншама өнерлі балалардың бір жерге жиналуы біз үшін де үлкен тәжірибе. Осындай шаралар өз жалғасын таба берсін, – дейді Толғанай Тиыштық.
Іс-шара аясында өткен үлкен флешмобқа жүздеген бала мен ата-ана қатысты. Бір мезетте мыңдаған қадам бір ырғақпен қозғалып, ортақ қуанышқа ұласты. Бұл көрініс фестивальдің басты идеясын – өнер арқылы бірлікті, достық пен жарқын болашақты – айқын көрсетті.
«ARTSPORT» жобасы – мемлекет тарапынан балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Бұл жоба арқылы мыңдаған бала спорт пен өнер үйірмелеріне тегін қатысып, өз қабілеттерін ашуға мүмкіндік алуда.
Фестивальге қатысушы балалардың ата-аналары да қуаныштарын жасыра алмады. Солардың бірі – Елжан Шахар.
– Менің балам би үйірмесіне қатысады. Балаңның сахнада шығып өнер көрсетіп жатқанда әр ата-ананың бойында ерекше сезім тұрады деп ойлаймын. Дәл осындай сезім бүгін менің бойымнан да табылды. Қателесіп кетпеуін тілеп, тілекші болып отырдым. Қызым кішкентай болса да, былтыр Шымкентке жарысқа барып, Қарағандыға кубокпен оралды. Осындай шаралар баланың қабілетін ашуға жол ашады. Бұл жерде алғаш рет сахнаға шығып жатқан жастар да бар. Барлығына сәттілік тілеймін, – деді ол.
Қарағандыдағы фестиваль – осы жобаның нақты жемісін көрсететін жарқын мысал. Балалар мен ата-аналардың белсенділігі, ұйымдастырушылардың жанашырлығы – елімізде мәдениет пен өнерге бет бұрған буын қалыптасып келе жатқанын аңғартады.
«ARTSPORT ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ» фестивалі – бұл жай ғана мереке емес, бұл – болашақ ұрпақтың рухани дамуына, ұлттық мәдениетті дәріптеуге бағытталған маңызды қадам. Шығармашылығы шарықтаған бала – ертеңгі саналы қоғамның мүшесі. Ал мұндай жобалар сол болашаққа бастар сенімді көпір іспетті.
Ералы ҒАНИ,
«QH»