Өнер әлемі: Қарағанды тарихы мен руханияты көрмеде
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде «09-90. Аймақтың бейнелеу өнері» атты бірегей көрме ашылды. Аға және орта буын қылқалам шеберлерінің бұрын еш жерде жарияланбаған таңдаулы туындылары алғаш рет көрермен назарына ұсынылды. Картиналар қаланың қалыптасу кезеңінен бастап, өңірдің мәдени және экономикалық даму жолын көркем тілде бейнелейді.
Көрмеге келген қонақтар қатарында қалаға танымал тұлғалар мен шығармашылық орта өкілдері болды. Аймақтың өткені мен тағдыры туралы сырлы әңгімелер поэзияның жанды үнімен астасып, жас өнерпаздардың туындылары кешке ерекше көрік пен әсер сыйлады.
– Мұнда Крылов пен Андреюк, Антоненко мен Буш, Әбілқасов, сондай-ақ Қазақстанның халық суретшісі Исмаилов сияқты майталмандардың туындылары жинақталған. Мұндай тақырыптық көрмелер сирек ұйымдастырылатындықтан, экспозиция өңірдің өнердегі келбетін терең ашып көрсетеді, – дейді Бибігүл Құдабаева, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің басшысы.
Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ноян Жүнісов көрменің мәнін былай түсіндірді.
«Бұл көрме тек өңірдің жетістігін немесе сәулет келбетін танытумен шектелмейді. Ол туған өлкеміздің ел дамуына үлес қосқан жандар туралы әңгімелейді. Біздің өлкеде сапалы білім мен жоғары мәдениет қатар өркендеп, руханият пен парасаттың ордасына айналды» деді ол.
Көрменің өзегінде қарағандылық бейнелеу өнерінің негізін қалаған шеберлердің – Генрих Эйферт пен Виктор Фризиннің туындылары тұр. Өнертану ғылымдарының профессоры, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Лариса Золотарёва индустриялық пейзаждардың ерекше мәнге ие екенін атап өтті: «Қала мен өнерпаздардың шығармашылығы Қарағандының тарихи шежіресін қылқаламмен өрнектейді. Гилярий Гилевский, Андреюк сияқты суретшілер қалалық және индустриялық пейзаждарды шебер көрсетті».
Көрермен назарына музей қорында сақталған 120-дан астам туынды ұсынылды. Көпшілігі сирек көрсетілетін бірегей жұмыстар болып, өңірдің индустриялық аймаққа дейінгі қалыптасу жолын көркем тілмен баяндайды. Көрме 22 ақпанға дейін жалғасады.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»


