Өнер додасы
Қарағандыдағы өнер додасы кіл мықтыларды жинады. Қалада Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Жүсіпбек Елебеков атындағы IX Республикалық дәстүрлі әндер орындаушыларының конкурсы өтті.
Әншінің туғанына 120 жылдығына арналған бұл байқаудың ашылуында Жүсіпбек Елебеков туралы деректі фильм көрсетілді. Дәстүрлі байқаудың салмағы орасан, алар орны ерекше. Онда Қарағанды облысы, Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Жетісу, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай елінен келген өнерпаздар халық әндері мен дәстүрлі әндерден бақ сынады. Жас дарындарға қазақтың дәстүрлі ән шеберлері, кәсіби мамандар баға берді.
– Даланың ұлы әншісі Жүсіпбек Елебековтің шығармашылық қызметі – ұлттық музыка өнеріндегі ерекше құбылыс. Оның ән мұрасын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу керек, – деп атап өтті Қазақстанның халық әртісі, қазылар алқасының төрағасы Қайрат Байбосынов.
Байқаудың мақсаты – асыл мұрамыз дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, дарынды жастарымызды өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдау. Жүсіпбек Елебеков атындағы халық әндерін орындаушылардың дәстүрлі байқауы Қарағандыда 1994 жылдан бері өткізіліп келеді.
– Мен бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді. Жастарға тілейтінім, әнді жақсылап орындап, қатысушыларға жүлделі орындардан көрінсін деген тілек бар. Дәстүрлі конкурс ешқашан тоқтаған емес, – дейді Ж.Елебековтың ұлы Естай Елебеков.
Айта кетейік, конкурсты Қарағанды облысы әкімдігі, Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік ұйымдастырған.
Үш күнге созылған дүбірлі ән додасы өз мересіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды. Бас жүлдені Астана қаласының Қазақ Ұлттық өнер университеті студенті Бек Мыңбай жеңіп алды. Бірінші орын да осы оқу орнының тағы бір студенті Камал Майдановқа бұйырса, екінші орынды Алматы қаласының Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының студенті Аида Срайл мен Атырау қаласының Н. Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының орындаушысы Жасұлан Базарбаев бөлісті. Үшінші орынды Алтамы қаласының Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының студенті Аружан Сағындық, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының «Руханият» қосымша білім беру орталығының қызметкері Қуандық Төкенов және Алматы қаласының Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенті Сәулет Аманғазин жеңіп алды.
– Өнер қанымда бар. Қазақтың қасиетті өнері дарыған шыңырақтан шықтым. Атам Мыңбай жезтаңдай әнші болған кісі, әкем Аян күні бүгінге дейін өнер саласында қызмет етіп келеді. Мектепті тәмамдағаннан кейін Қарағанды қаласы, Тәттімбет атындағы өнер колледжінде «Дәстүрлі ән» мамандығы бойынша білім алдым. Қазіргі таңда К.Байсейітова атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде оқимын. Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Конкурс екі кезеңнен тұрды. Жарыс шарты бойынша біз алты ән орындауымыз керек болды. Бірінші кезеңде Үкілі Ыбырайдың «Шалқыма», Қанапия Басығараұлының «Қанапияның әні» және халық әні «Ағаш аяқ» әндерін орындап, келесі кезеңге жолдама алдым. Екінші кезеңге 18 қатысушы өттік. Онда мен Зілқараның әні «Жиырма бес», Біржан салдың әні «Ақсеркеш» және Мұстафаның әні «Бүркітбайды» орындадым. Жүсіпбек Елебеков атындағы байқауға алғаш қатысуым. Бағым мен бабым қатар шауып, Алланың бұйрығымен осы жетістікке жеттім, – дейді Бас жүлде игері Бек Мыңбай.
Байқау марапатынан өзге арнайы сыйлықтар да болды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мейірхан Адамбеков атындағы арнайы сыйлықты Алматы қаласы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясынан келген Бахтияр Орал иеленді. Қазақстанның халық артисі Қали Байжанов атындағы арнайы сыйлықтың иегері – Алматы қаласы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваторияның студенті Айбек Тәттімбек. Қазақстанның халық артисі Манарбек Ержанов атындағы арнайы сыйлықтың иегері Көкшетау қаласы Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясынан келген Өмірзақ Шешхан болды. Ғаббас Айтбаев атындағы арнайы сыйлықтың иегері – Алматы қаласы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваторияның студенті Нұрдана Сәлімхан. Игілік Омаров атындағы арнайы сыйлықтың иегері – Астана қаласы Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенті Ақниет Серғазина. Және де Рымтай Бөдесов атындағы арнайы сыйлықтың иегері Алматы қаласы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваторияның студенті Ұлжан Әбілхасимова болды.
Барлық жеңімпаз дипломдар және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ, «QH»