Өнегелі өмір, еленген еңбек

Қарағандыға іргелес Новоузенка деген ауыл бар. Бұқар жырау ауданына қарасты. Бүгінгі күні онда бас-аяғы 1500-ге жуық тұрғын бар. Ондағылардың көбі Бұқар жырау ауданының құрметті азаматы, Қарағанды облысының құрметті ардагері Мереке Мансұрұлы Сыздықовты жақсы біледі.

Құрметті азамат жақында ғана 90 жасқа келді. Өнегелі өмірінде халыққа қызмет етіп келген ол күні бүгінге дейін өзі тұратын ауылдың Ақсақалдар кеңесін басқарып отыр. 90-ға келсе де ат үстінен, қоғамдық жұмыстан түспеген. Өмірінің қуанышынан гөрі кермек дәмі басым. Бірақ осыған қарамастан жығылмай-сүрінбей бүгінгі күнге абыроймен жетіп отыр.

– Менің әкем майдан даласына денсаулығына байланысты бара алмады, – дейді ол. – Сондықтан соғыс жылдары колхоздың малын бағып, ферма меңгерушісі болған. Соғыстан кейін білім алу түгілі, хат танудың өзі мұң болған жылдары көзі ашық ақсақал балаларын қалай да оқытуға тырысты. Бір жерде бала саны жетпей жатса, бір жерде мұғалім болмай, содан қай жерде оқу бар, сонда жетелеп әкеліп жүріп оқытқан.

Мереке Мансұрұлы 1955-1957 жылдары Ақмола ауылшаруашылық оқу орнын бітіріп, Тельман ауданының Қазақстанның 30 жылдығы атындағы колхозында комсомол ұйымының екінші хатшысы болып жұмыс істеген. Совхоздарда жұмыс күшін, тәжірибелі маман санын арттыру мақсатында Белоруссия, Ресей, Украинадан 25 мың қыз-келіншекті Қазақстанға жіберу туралы шешім қабылданған. Сөйтіп, 1957 жылдың қазанында ол Смоленск қаласынан 200 қыз-келіншекті алып келіп жұмысқа тартады.

Жан жары Жәмила Оспанқызы екеуі 4 баланы өсіріп жеткізген. Қазір ұл ұяда, қыз қияда. 4 баладан ондаған немере мен 30-ға жуық шөбере сүйіп отыр. Жары мәңгілік сапарға аттанғанымен, өзі тың, еңбексүйгіштігінің арқасында жастарға үлгі болып отыр. Айтпақшы, жақында ғана аудан мен ауыл атқамінерлерінің және ағайын-туысының басын қосып 90 жылдық торқалы тойын атап өткен.

Бір ғасырға жуық ғұмыр кешіп келе жатқан абыз ақсақалға біз де қажымас қайрат, мықты денсаулық тілейміз.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»