Наурыз мейрамына арналған ауылшаруашылық жәрмеңкесі: тиімді сауда және молшылық
Наурыз мейрамын мерекелеу аясында 2025 жылдың 24 наурызы күні Қарағанды қаласының үш шағын ауданында ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Бұл шара қала тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді бағада азық-түлік өнімдерін сатып алу мүмкіндігін сыйлады.
Жәрмеңке «Жастар» мәдениет үйі (Пришахтинск), «Умай» сауда үйі (Майқұдық) және «Global City» ТЛК (Оңтүстік-Шығыс) нүктелерінде ұйымдастырылып, оған Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Осакаров және Шет аудандарының ауылшаруашылығы тауарын өндірушілері қатысты. Сонымен қатар, аймақтық қайта өңдеу кәсіпорындары да өз өнімдерін ұсынды.
Жалпы, жәрмеңкеде 64 тоннаға жуық ет (сиыр, жылқы, қой еті), 175 мың дана жұмыртқа, 15 тоннадан астам сүт өнімдері және басқа да азық-түлік тауарлары сатылды. Барлық өнім орташа нарықтық бағадан 10-15% төмен бағамен ұсынылып, тұрғындар тарапынан үлкен сұранысқа ие болды.
Жәрмеңке жергілікті өнім өндірушілерді қолдау және халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды. Келесі шағын жәрмеңкелер дәл осы орындарда алдағы сенбі, 29 наурызда өтеді. Қала тұрғындарын тиімді сауда жасау мүмкіндігін жіберіп алмауға шақырады.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»