Наурыз қалай тойланбақ?

Қарағанды облысында Наурыз мейрамына орай ауқымды бағдарлама дайындалды. Мерекелік шаралар 14 наурызда басталып, 23-іне дейін жалғасады. Концерттер мен мерекелік кештер ғана емес, экологиялық және қайырымдылық акциялар да болады.

Бұл туралы аппарат кеңесінде Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов айтып берді.

Наурыз мейрамының басты идеясы – Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру.

Күн сайын жеке тақырыпқа арналған шаралар:

14 наурыз – Көрісу күні;

15 наурыз – Аула күні;

16 наурыз – Шежіре күні;

17 наурыз – Тарихқа тағзым күні;

18 наурыз – Игі істер күні;

19 наурыз – Шымырлық пен шеберлік күні;

20 наурыз – Зияткерлік күні;

21 наурыз – Ұлттық тағамдар күні;

22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні;

23 наурыз – Жоралғы күні.

– Облыстың қалалары мен аудандарында негізгі мерекелік шаралар 21-22 наурызда этноауылдар орнатумен, театрландырылған қойылымдармен, концерттермен, спорттық жарыстармен өтеді. Облыс бойынша 302 киіз үй тігіледі, – деді Еркебұлан Жұмакенов.

Қарағандыда басты мейрам 22 наурызда өтеді. Қала бойынша (Орталық мәдениет және демалыс саябағында, Достық үйінің, Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің, Теміржолшылар мен «Молодежный» мәдениет үйлерінің жанында) 31 киіз үй тігіледі. Орталық саябақ жағалауында сағат 12:00-де театрландырылған қойылым басталып, концертке ұласады. Ұлттық спорт түрлерін сүйетіндер үшін жарыстар ұйымдастырылады. Жергілікті қолөнершілер өз өнімдерін көрмеге ұсынады.

Сол күні Кеншілер мәдениет сарайында Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығына арналған «Армысың, әз Наурыз!» атты республикалық айтыс өтеді.

Он күн ішінде қалалар мен аудандарда бірқатар шара өтеді. Шет ауданында «Біздің көше тұрғындары» тату көршілік байқауы өтеді. Абай ауданында өтетін концертте этномәдени бірлестіктер өз жұмыстарын ұсынады. Саран қаласында «Алтын мұра» хореографиялық өнер фестивалі, Приозерск қаласында құрақ құрау байқауы, Қарқаралы қаласында жерлес сатирик М.Тоқмырзаның 55 жылдығына арналған әзіл-сықақ байқауы өтеді.

Кітапханаларда еңбек әулеттерінің өкілдерімен кездесу ұйымдастырылады.

Барлық қала мен аудандарда қайырымдылық акциялары өтеді.