Нұржібек ЖАНСҮГІРОВА С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының «Құрмет» орденді, жоғарғы санатты артисі

Жансүгірова Нұржібек Күлмесханқызы 1956 жылы 25 қарашада дүниеге келген. Білімі жоғары, Қазақтың Мемлекеттік Академиялық Еңбек Қызыл Ту орденді М.Әуезов атындағы драма театрының жанындағы екі жылдық театр студиясын «Театр артисі» мамандығы бойынша, 1989 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін «Филолог, оқытушы» мамандығы бойынша бітірді.

Театрда 1976 жылдан үзбей қызмет істейді. Осы жылдар ішінде көптеген классикалық және бүгінгі заманның тақырыбына арналған образдар сомдады.

2012 жылы ақпан айының 23, 24 күндері премьерасы өткен А.Галиннің «Қайран жас дәурен» мелодрамасында Н.Жансүгірова Барабанованың бейнесін сомдады. Кейіпкерінің ішкі жан дүниесімен қатар сыртқы бейнесін де ашып көрсетуде актриса импровизациямен ерекшеленді. Режиссердің қойған талаптарын ұстана отырып, өзіндік таным-түйсігімен Диана Владимировнаның жан дүниесіне терең бойлай білген. Жеткен жетістіктері үшін 2001 жылы Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2007 жылы «Құрмет» орденімен және Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталды.

2005 жылы Е.Разумовскаяның «Медея» қойылымындағы Медея рөлі үшін «Ең үздік әйел рөлі» жүлдесін жеңіп алды. 2005 жылы Қарағанды қаласында өткен «Театр – балалар әлемінде» атты VІІ аймақтық фестивалінде «Ең үздік басты әйел рөлі» номинациясы бойынша лауреат атанды, бірнеше рет Мәдениет министрлігінің, Қарағанды облысы әкімінің, Мәдениет басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Ол – өз жұмысына өте ұқыпты, тапсырылған кейіпкерін шығарғанша тынымсыз жұмыс істейтін еңбекқор актриса. Сомдаған рөлдері: Т.Джюдженоглының «Көшкін» – Кемпір, Р.Кунидің «Ашына, балкон, өлік» – Памела, М.Әуезовтің «Қарагөз» – Мөржан, Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» – Дәметкен, М.Байджиевтің «Ғашықтың тілі» – Болдұқан, Т.Уйльямстың «Тәнге түскен раушангүл» – Мисс Йорк, Д.Исабековтің «Өкпек жолаушы» – Зейнеп, Ф.Буляковтың «Отырған қыз» – Иваниха, К.Жұмабековтің «Қыран қазақ» – Бағжан т.б. Нұржібек Жансүгірова – ізденімпаздығымен әр рөлді биік деңгейден көрсете білген талант иесі.