Нәрестенің жүрегі қайта жанданды
Қарағанды қаласының №2 көпбейінді ауруханасында үш айлық қыз балаға қолқа коарктациясын түзейтін күрделі кардиохирургиялық операция сәтті жасалды. Бұл – өңір үшін алғаш рет жоғары технологиялық ота жүргізілген тарихи оқиға. Дәрігерлердің жергілікті тәжірибесі мен Астанадан арнайы келген кардиохирургтар ұжымының бірлескен еңбегі арқасында бұрын тек республикалық орталықтарда жасалатын операция енді Қарағандыда қолжетімді болды.
Баланың жағдайы бастапқыда аса қауіпті болып көрінбеген. Нәресте пневмониямен №1 көпбейінді ауруханаға жатқызылған еді. Алайда толық медициналық тексеру барысында дәрігерлер оның жүрегінде туа біткен ауыр ақау – қолқа коарктациясы барын анықтады. Бұл патология кезінде ағзаның негізгі қантамыры тарылып, қан айналымы күрт бұзылады. Уақытылы ем болмаса, нәресте өміріне қауіп төнуі мүмкін.
Дәрігерлер диагнозды ата-анасына жеткізіп, баланы шұғыл түрде №2 Кардиоорталыққа ауыстырды. Мамандардың консилиумы өткізілді, ал күрделі ота жасау шешімі бірден қабылданды. Операция елдің жетекші кардиохирургтарының қатысуымен шеберлік сабағы аясында жүзеге асты. Астанадан арнайы келген кардиохирург Ғалымжан Өтегенов пен анестезиолог Хафиз Ахмеров Қарағандыдағы әріптестерімен бірлесіп, операцияны жүргізді.
– Өмірінің алғашқы айларындағы балаларда қолқаның критикалық коарктациясы шұғыл хирургиялық емді талап етеді. Ота техникалық тұрғыдан күрделі болды, бірақ жоспар бойынша сәтті өткіздік. Біз тарылған бөлікті толық жойып, басқа қосымша патологияны да түзедік. Енді негізгі кезең – операциядан кейінгі оңалту, – деді Ғалымжан Өтегенов.
№2 көпбейінді аурухананың балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғанибек Ақжанов бұл операция өңір медицинасы үшін ерекше оқиға екенін атап өтті. Ота шамамен бес сағатқа созылып, дәрігерлер қолқаның тарылған бөлігін алып тастап, «ұшынан-ұшына» анастомоз әдісімен қайта жалғады. Сол арқылы баланың қан айналымы толық қалпына келтірілді. Сонымен қатар, операция барысында анықталған ашық артериялық өзек те сәтті жабылды.
– Бұған дейін мұндай диагнозы бар балалар тек республикалық орталықтарға жіберілетін. Елордадағы әріптестерімізбен бірлескен жұмысымыз нәтижесінде жоғары технологиялық медициналық көмекті өз өңірімізде көрсетуге мүмкіндік туып отыр. Бұл – Қарағандыда балалар кардиохирургиясын дамытудағы маңызды қадам, – дейді Ғанибек Ақжанов.
Қазіргі уақытта қыз бала жансақтау бөлімінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Мамандар оның жағдайында оң динамика байқалып отырғанын хабарлады. Айта кету керек, мұндай жоғары технологиялық операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін көрсетіледі. Бұл жүйе күрделі әрі қымбат ота түрлерін халыққа қолжетімді етіп, өңірлерде жоғары технологиялық медициналық көмектің дамуына жағдай жасайды.
Қарағандыдағы бұл оқиға – тек бір баланың өмірін сақтап қана қоймай, өңірдің медицина саласындағы әлеуетін көрсетті. Аймақтағы балалар кардиохирургиясы бұрынғыдан да қолжетімді әрі заманауи деңгейде дамып келеді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

