«МУЗЕЙ ТҮНІ» – ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ
Халықаралық музей күніне орай Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында дәстүрлі «Музей түні» өтті. Мерекелік шарада театрландырылған экскурсия, көңілді ойындар және шеберлер жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Шарада алдымен музей ұйымдастырған «Шежiре-Life» облыстық байқауының жүлдегерлері марапатталды. Сайыс ережесіне орай қатысушылар өз отбасының тарихынан сыр шертеді. 1-орын иеленгендердің бірі – бесобалық Әлімбек Шәкәрім. Бірнеше буын бойы оның отбасынан ұлағатты ұстаздар шығып, қоғамға қызмет етуде.
– Менің үлкен атам Шәкәрім ұстаздық қызмет еткен. Содан кейінгі қаншама ұрпағы ұстаздық жолында жүргендіктен, менің осы тақырыпты таңдағым келді. Байқау кезінде ізденістер, әрине, болды. Мен қазіргі таңда атамның қолында өсіп келе жатырмын. Сол кісі көп нәрсе біледі. Сол кісінің арқасында осы байқауда орын алдық, – дейді ол.
Музейдің бір бөлмесі толықтай жәрмеңкеге арналған. Облыстың түкпір-түкпірінен келген шеберлер қолөнер жұмыстарын саудалап қана қоймай, жасалу жолымен де таныстырды. Көпшіліктің ерекше назарын аударғандардың бірі «Бикеш» табиғи косметикалар желісі болды. Абай ауданынан келген кәсіпкерлердің ашылғанына бар-жоғы 5 ай ғана. Соған қарамастан өнімдері елімізде ғана емес, көршілес Ресейде де сұраныста екенін айтты кәсіпкер Наталья Расторгуева.
– Біздің барлық өнім толықтай табиғи жолмен жасалады. Қолданатын шикізаттарымыздың барлығы өзіміздің Қазақстанда өседі. Жусан секілді шөптердің бәрін өз қолымызбен жинап әкелеміз. Мұндай шараға екінші рет келіп тұрмыз. Өте тамаша атмосфера, мерекелік көңіл-күй бар. Өте жақсы ұйымдастырылған.
Биыл «Музей түні» келушілерді театрландырылған ерекше экскурсиямен таң қалдырды. Әр ғасырдағы экспонаттардың жанына арнайы актерлер қойылған. Олардың келушілерге өз заманының тарихы жайлы баяндайтынын айтты Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ержан Нұрмағамбетов.
Келушілерге арнап тақырыптық фотоаймақтар қойылды. Осы түні музей кафесі жұмыс істеді. Сонымен қатар зияткерлік викториналар, аукциондар мен квест-ойындар өтті. Көңілді шара соңы концерт және би кешімен әсерлі түйінделді.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»