Министрлік қоғаммен жұмыс істеп, бала тәрбиесіне, халық тәрбиесіне үлкен көңіл бөлуі керек


Сенім болмай ештеңе болмайды. Қазір ең керегі халықтың президентке, президенттің халыққа деген сенімі, қоғамдағы көршінің көршіге, әріптестердің бір-біріне деген сенімі қажет. Сенім болмай ешнәрсе шықпайтыны дәлелденген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен дөңгелек үстелде «Altyn Qyran Foundation» ҚҚ атқарушы директоры Мақсұтбек Айтмағанбет мәлім етті.

«Сенімді қайтару үшін не істеу керек? Қоғам қайдан басталады? Үйден, шаңырақтан, отбасыдан басталады. Сондықтан отбасы институтын дұрыстау керек. Қаңтар оқиғасына 25-30 жастағы жастар шықты деп отырмыз. Олардың «келбетін» саясаттанушылар сипаттап беріп отырған болар. Ал енді қарасақ, қоғамда үштен бір шаңырақ айырылысып жатса, олардың балалары өсіп жатса, бұл үлкен проблема. Оны да айтуымыз керек. Әл Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы» деген сөзі бар. Мемлекет, халық болып сенімді қайтаруымыз керек. Ол үшін тәрбиеге көп көңіл бөлуіміз керек. Қазіргі үлкен проблема осы. Қаңтар оқиғасынан кейін байқап отырғанымыздай, мұндай миграция кезінде болды, ал енді қазір интеллектуалдық миграция болып жатыр. Жұрттар кетеміз дегенді бастап жатыр. Білімді жастар кетпек. Соларға не бере аламыз? Олармен қалай жұмыс істейміз? Оны да ойлау керек. Сондықтан тоқетері, министрлік қоғаммен жұмыс істеп, бала тәрбиесіне, халық тәрбиесіне үлкен көңіл бөлу керек», — деп түйіндеді спикер.