Министр болашақ металлургтермен жүздесті

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Теміртаудағы Қарағанды индустриялық университетінде болды. Облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаевпен бірге ЖОО түлектерін құттықтап, дипломдар табыстады.

Биыл ҚИУ сұранысқа ие мамандықтардан 300-ге жуық маман шығарады. Олардың жергілікті кәсіпорындардан лайықты жұмыс табары сөзсіз.

– Бүгін біз «Saran» индустриялық аймағын дамытып жатырмыз және қарапайым жұмысшылар, инженерлер жетіспеуіне қатысты проблемаға тап болдық. Техникалық білімі бар 1000-нан астам адам қажет. Бұл университет осындай мамандарды дайындайды. Сіздер біздің облыстың дамуына үлес қосасыздар деп үміттенемін. Баршаңызды құттықтаймын және ақ жол тілеймін! – деді Ермағамбет Бөлекбаев.

Саясат Нұрбек түлектерге жасанды интеллект дәуірі басталған кезде жаңа заманда өз орнын табуды тіледі.

Министр екі кеңес берді: ағылшын тілін жетік білу және оқуды тоқтатпау.

Саясат Нұрбек пен Ермағамбет Бөлекбаев университет ғалымдарының жетістіктері көрмесімен танысты. Мұнда ғылыми және білім беру инновациялары енгізілген. Сондай-ақ гранттық қаржыландыру арқылы жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде айтылды.

Министр бүгінде аймақтық университеттерге баса назар аударылатынын атап өтті.

– Биылдан бастап өңірлік университеттерге ауылшаруашылығы үшін техникалық мамандар мен кадрлар даярлауға жеке квота бөлінеді. Біз «Академиялық шеберлік орталығы» бағдарламасын іске қостық. Жабдықтарды, зертханаларды, оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу, мықты мамандарды, соның ішінде шетелден тарту үшін қосымша қаржы алатын 15 өңірлік университет таңдалды, – деді Саясат Нұрбек. – Қарағанды облысының университеттерінде, тарихи тұрғыдан қарағанда, база өте мықты, олар өндіріспен, техникалық және ғылыми әзірлемелермен тығыз байланыста. Өңірлік жоғары оқу орындарына екінші тыныс беруіміз керек.

Министр сонымен қатар ғылымды қаржыландырудың ұлғая беретіні жөнінде хабарлады. Оның айтуынша, биылдан бастап жас ғалымдарға жыл сайын 1000 грант беріледі.