МЕТАЛЛУРГТЕР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жыл 15 қарашадағы жарлығы бойынша шілденің үшінші жексенбісі – металлургтер күні.

Кеңес үкіметі құлағаннан кейін бұрынғы одақтас елдердің үшеуі осы бір ел экономикасына елеулі үлес қосатын саланы ескерусіз қалдырмады. Қазақстанмен қатар металлургтер күнін Армения, Белоруссия, Ресей және Украина атап өтеді.

Қазақстандағы металлургия саласы иннасациялық жолға бағытталған. Сондықтан, біздің өндіріс саласының болашағы жарқын.

1960 жылы 3 шілдеде Орта Азия мен Қазақстанда жалғыз домна пеші іске қосылды. Бұл Қарағанды металлургия зауытының туған күні десек те болады. Осы тарихи оқиға кезінде білікті мамандармен бірге жас металлург Нұрсұлтан Назарбаев та еңбекке кіріскен еді. Осы тарихи оқиғаны Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстанның құрыш келбеті» атты кітабында былай сипаттады: «1960 жылғы 3 шілде, жексенбі. Мыңдаған құрылысшылар мен металлургтер, көптеген қонақтар Вадим Романовтың ауысымының жұмысын толғана бақылап тұр. 15 сағат 7 минутта аға көрікші Николай Набиуллин электр бұрғысын іске қосты. Тесік қашалды. Жыра бойымен отты ағын құйылып сала берді – алғашқы қазақстандық шойын жүрді!».

Металлургия — ғылымның, техниканың, өнеркәсіптің түрлі материалдардан металл алу процесін қамтитын саласы.

Металлургия — түсті және қара, галламды, өте жоғары температурада өтетін плазмалы және лазермен өңделетін металлургия болып өзара ажыратылады. Мысалы, Қазақстан қара металлургиясының байлығы мен болашағы — темір кендері. Оның негізгі қорлары Қостанай, Қарағанды және Жезқазған облыстарында шоғырланған. Өнеркәсіп өндірісі ауқымды жұмыс тобын қажет ететін болғандықтан, еліміздегі ЖОО-ларда сала мамандарын даярлауға көп көңіл бөлінеді. Республикамызда металлургия саласы бойынша «Металлургия және кен байыту институты», Химия-металлургия институты, Қазақ ҰТУ нәтижелі табыстарға қол жеткізіп келеді.

Биыл – Қазақстан Магниткасы – Қарағанды металлургия зауытының ашылғанына 61 жыл толды.

Қабдолла Тұрсынбеков – талай жылдан бері ауыр қызметті абыроймен арқалап келе жатқан металлург. Оның айтуынша, қайнаған оттың арасында жүру – әркімнің қолынан келе бермейді. Қалтқысыз қызмет үшін таудай сабыр мен қажырлы еңбекке деген ұмтылыс керек.

— Бүгін бізде үлкен мереке. Осыған орай, жылда үлкен шаралар өтеді. Алайда, биыл пандемияның кесірінен бір-бірімізді өзара құттықтап, кәсіби мерекемізді үлкен етіп тойламауды жөн көрдік. Соған қарамастан, еңбегімізді ескеріп, марапаттап жатқанына қуаныштымын. Барша әріптестерімді құттықтаймын. Металлургтердің бүкіл тарихы жалындаған отпен, қайнаған қызу еңбекпен тығыз байланысты. Бұл мерекеге әр қарағандылық және теміртаулық тұрғынның қатысы бар. Олардың бұл мамандықтары ұрпақтанұрпаққа жалғасуда,- дейді Қабдолла Тұрсынбеков.

Өз ісіне жауапты және еңбекқор адамдарды «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-дан табу қиын емес. Мысалы, Қазбек Хусаинов – «нағыз металлург» атағын алғандардың бірі. «Еңбек даңқы» марапаты — оның кәсібилігі мен шеберлігінің тікелей дәлелі.

Көкшетау қаласының тумасы Қазбек Құмарбекұлы өмірінің көп бөлігін Теміртауда өткізіп, ғұмырын металлургия комбинатымен байланыстырған.

– Бастапқыда бәрі жаңаша болып көрініп, жұмысты бірден қолға алып кету қиындау болды. Маған көп нәрсені үйреткен тәлімгерім – Иван Юнг деген адам. Ол әлі күнге дейін менің алғашқы мансабым басталған цехта жұмысын жалғастыруда. Конвертерлік цехтағы жұмысқа бейімделуіме ұзақ уақыт кетті. Ондағы ұжымға, жаңа жұмыс уақыты мен міндеттеріме үлкен жауапкершілікпен қарауды үйрендім. Дәл осы саладағы қызмет менің кәсіби біліктілігіммен қатар, өмірде қажет болатын адами, азаматтық қасиеттерімнің қалыптасып, дамуына жол салды,- дейді Қазбек Хусаинов.

Айта кетелік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев металлургия саласының еңбеккерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекесімен арнайы құттықтады. Онда Елбасы Қазақстандағы металлургия саласы дамудың инновациялық жолына түсіп, өндірістік ұжымдарға болашаққа нық сеніммен қарауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ал, метталлургтардың төл мерекесін еліміздің тау-кен саласындағы басты компания саналатын «Қазақмыс» корпорациясы Қарағанды облысында атап өтті.

Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»