Мерейтойлық монеталар шығарылды

Ұлттық Банк ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған монеталар шығарды. Нұрсұлтан Әбішұлы, Абай және Шоқан Уәлихановтар бейнеленген 5000 және 500 теңге күмістен құйылса, 100 теңге мельхиордан дайындалған. «TAYELSIZ QAZAQSTANGA 30 JYL» коллекциялық монеталары «Тарихи оқиғалар мен тұлғалар» сериясын жалғастыруда.

Аталмыш монеталардың дизайны аса көрнекті тарихи тұлғалардың портреттік бейнелері орналастырылған тәуелсіз Қазақстанның 1993 жылғы үлгідегі банкноттарының бірінші сериясымен символдық байланысты бейнелейді.

Монеталардың беткі жағында номинал, Қазақстан Ұлттық Банкінің логотипі бейнеленіп, монетаның металы, сынамасы және массасы жазылған. Ал артқы жағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Қазақстан Республикасының картасы, портрет қатары, киіз үй басқұры түрінде орындалған ою-өрнек лентасы мен Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеудің ресми логотипі орналасқан.

5 000 теңге proof сапасымен 925/1000 сынамалы күмістен жасалған, салмағы 933 грамм (30 унция), диаметрі 100 мм, таралымы 300 дана.

500 теңге proof сапасымен 925/1000 сынамалы күмістен жасалған, салмағы 31,1 грамм, диаметрі 38,61 мм, таралымы 3000 дана.

100 теңге рrооf-like сапасымен 25 мельхиор МН қорытпасынан жасалған, салмағы 15 грамм, диаметрі 33 мм, таралымы 30000 дана.

Монеталардың барлығы Қазақстанның бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу, ҚР барлық банктерінде аудару, бөлу және айырбастау үшін олардың белгіленген құны бойынша қабылданады.