МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ МІНДЕТТЕРІ МЕН ҚҰҚЫҚТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Мемлекеттiк қызметшiлердiң әдептілігі және өзінің лауазымдық мiндеттерiн орындамағаны не тиiсiнше орындамағаны, оны асыра пайдаланғаны үшiн жеке жауаптылығы мемлекеттік қызмет саласындағы негізгі қағидаттардың бірі саналады.
Осы тұрғыдан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Абылайхан Наурызбаев, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды филиалының басшысы Серікжан Байбосынов және Қарағанды қаласы әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкілі Станислав Поведамен бірлесіп Қарағанды қаласының жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілерімен профилактикалық семинар-кеңес өткізді.
Жиын барысында мемлекеттік қызметшілердің тәртібі, заңнамамен айқындалған міндеттер мен шектеулерді сақтау, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау, олардың бұзылуына жол бермеу, сондай-ақ Мемлекеттік басқару академиясына түсу мәселелері талқыланды.
Бұл ретте мемлекеттік басқару жүйесін дамытуда және жаңа формациядағы басқарушылар легін қалыптастыруда академияның рөлі зор.
Мемлекеттік қызметшілер біліктілігін арттыру арқылы шетелдік серіктес университеттерде қос диплом алу, халықаралық ұйымдарда, жетекші дипломатиялық мектептерде тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие бола алады. Бұл өз кезегінде мансаптық тұрғыда жоғарғы лауазымды орындарға оңай орналасуға септігін тигізеді.
Сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласындағы маңызды қағидаттардың бірі – мемлекеттік қызметшінің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы.
Бұл ретте департамент азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен мүдделерін, әлеуметтік кепілдіктерін қорғауға бағытталған профилактикалық жұмыстар атқаруға басымдық беріп келеді.
Осыған орай Абылайхан Наурызбаев мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының бұзылуына жол бермеуге шақырды.
Айта кету керек, департаментке мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты режимінің сақталуы жөнінде мониторинг жүргізу функциясы берілген.
2024 жылдың 1-тоқсанында заңнама талаптарына қайшы артық жұмыс жасаудың 16 фактісі анықталып, департаменттің араласуы арқасында мемлекеттік қызметшілердің бұзылған құқықтары қалпына келтірілген.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерге еңбек демалысын беру, іссапар шығындарын өтеу және көтермелеу барысында орын алған бұзушылықтар назарға жеткізіліп, аталған бағытта қабылданған шаралар туралы айтылды.
Аталған бағыттағы жұмыстарды нәтижелі жүзеге асыру айрықша маңызды, өйткені олар мемлекеттік қызметшілер арасында заң үстемдігі, әділеттілік үстемдігі қағидатын бекітуге және мемлекеттік қызметке сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің ақпараты негізінде