Мемлекеттік қызмет сапасы

Өткен жылы аймақта 17,2 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 99,5%-ы электронды форматта жүзеге асқан. Мемлекеттік қызметтерді ұсынудың сапасы жыл сайын артып келеді. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен кеңесте айтылды. 

Кеңес барысында мемлекеттік қызметтерді жетілдіру, электронды форматқа толық көшіру және халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері қаралды. Аймақта 1 014 өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылды, 52 мыңнан астам ақпараттық буклет таратылып, мемлекеттік қызмет жәрмеңкелері халық арасында үлкен сұранысқа ие болды.

– Өткен жылы 181 мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 93,4%-ы электронды форматқа көшірілді. Біз қызмет сапасын арттыру мақсатында бақылау шараларын күшейтіп, халыққа ыңғайлы қызмет көрсетуге басымдық беріп келеміз, – дейді Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий.

Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында 83 мемлекеттік қызметші оқытылды. Биыл бұл көрсеткіш 92-ге жетпек.

– Қазір қызметтерді электронды түрде алу әлдеқайда оңай. Бұрын кезек күтіп жүретінбіз, ал қазір көп нәрсені egov арқылы өзіміз шеше аламыз, – дейді қала тұрғыны Айжібек Азаматқызы.

2024 жылғы қорытынды бойынша облыс мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттану деңгейі бойынша республикада 1 орынға шықты. Бұл – жергілікті атқарушы органдардың жүйелі жұмысының нәтижесі. 2025 жылы мемлекеттік қызмет сапасын одан әрі арттыру бағытында ауқымды шаралар жалғасады.

– Жаңа жылда облыста 179 бақылау шарасы, 12 оқыту семинары өткізіледі. Алдағы уақытта халыққа ыңғайлы, сапалы мемлекеттік қызмет көрсету басты мақсат болып қала береді, – деп атап өтті Константин Ильницкий.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,                                     

«QH»