Мемлекеттік қызмет көрсетудің 90%-ы электронды нұсқаға көшкен
Дегенмен, цифрлық Қазақстанның шарапатын қарапайым халықтың қанша пайызы пайдаланып отырғаны белгісіз, себебі ауылдық жерлердегі ғаламтордың қуаты қандай екені көпшілікке жақсы таныс. Дегенмен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің сөзінше бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 90%-ы (690 Мемлекеттік қызметтің 624-і) электрондық форматта көрсетілетінін атап өтті.
Бұл ретте цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандықтар үшін мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдету үшін жаңа сервистерді енгізіп, мемлекеттік қызметтерді азаматтар арасындағы танымал мобильді платформаларға шығарып жатқанын айтады.
Мәселен, автокөлікті тіркеу немесе қайта тіркеу қызметтері банктердің қосымшалары арқылы қолжетімді және клиенттерге мамандандырылған ХҚО-ға барудың қажеті жоқ. EGov мобильдік қосымшасында құжаттардың 18 түрін электрондық форматта орындауға болады.
«Цифрлық құжаттар» сервисі іске асырылды. Оларды Қазақстанның барлық ХҚО-да, әуежайда, банктерде, теміржол вокзалдарында және ұялы байланыс операторларына қызмет көрсету бөлімдерінде ұсынуға болады дейді министр.
Қазіргі уақытта «Цифрлық құжаттар» сервисін 5,3 млн қазақстандық пайдаланады. 2021 жылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында мемлекеттік органдардың азаматтардың өтініштерін қабылдау тәсілі өзгерген. Бұрын өтініш беру үшін қазақстандықтарға инстанциялар арасында жүріп, түрлі құжаттар жинаса, жаңадан құрылған «E-Otinish» электрондық өтініштер жүйесі осы мәселені шешуге бағытталған. Бұл күшіне енген Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодекс шеңберінде қаралатын азаматтардың барлық өтініштері үшін бірыңғай ақпараттық жүйе. «Е-Otinish» өтініш барысын қадағалауға, бақылауға және қанағаттанарлықсыз жауап болған жағдайда, мемлекеттік органның жауабына шағымдануға мүмкіндік береді.
Жаңашылдықтың тағы бірі – ХҚО жұмысының жаңа форматы. Атап айтқанда ХҚОға бармай-ақ, қызметтерді тек бейнеқоңырау арқылы алу. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында «ХҚО» мобильдік қосымшасы арқылы пилоттық режимде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізбесі және мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде құжаттарды қабылдаудың тиісті алгоритмі айқындалды. Пилоттық жоба Ақмола, Қостанай, Қызылорда және Павлодар облыстарында іске қосылды. Бағдат Мусин әр түрлі мемлекеттік органдардың 400 ақпараттық жүйесін бірыңғай платформаға көшіру жоспарлары туралы айтты. Оның айтуынша, бұл ақпараттық жүйелердің шашыраңқылығы мен интеграциясы проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Ал, депутат Альберт Рау қосымша баяндамасында ақпараттық жүйелер интеграциясының толық еместігіне назар аударды. Депутаттың айтуынша, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы жекелеген мемлекеттік қызметтер әлі де қағаз тасымалдағыштар арқылы көрсетіліп жатыр. Ең алдымен, бұл мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға, біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеуге және т.б. қатысты. Проблемалық мәселелердің ішінде Альберт Рау халыққа мемлекеттік қызмет көрсету рәсімінің бұзылғанын да атап өтті. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметтердің 667 түрі бойынша хабарлама тәртібі жоқ. Ал, Мәжілістің бірқатар депутаттары халықты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелердің «тоқтап қалуы» және т. б. мәселелер бүгінгі күні әлі де өзекті болып отырғанын айтады.
Өз тілшімізден.