МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалында өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруға бағытталған семинар-тренинг өтті. Шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік жоба аясында ұйымдастырылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқудың негізгі мақсаты – мамандардың тиімді коммуникациялық дағдыларының деңгейін арттыру және тәжірибелік білім беру. Облыс әкімдігі түрлі салада біліктілік пен білімді арттыруға бағытталған семинар-тренингілерден тұратын жоспар әзірледі. Оларға жас және көпжылдық тәжірибесі бар қызметкерлер де қатысуда. Осылайша заманауи мемлекеттік қызметшілер қоғамдағы өзгерістер мен қазіргі үрдістермен бірге дамуға мүмкіндік алады.

– 2015 жылдан бастап бізде екінші заң қабылданды. Бұл заңның ең басты мақсаты – қылмыстардың алдын алу. Соған үлкен зейін салу қажет. Осыған байланысты қылмысты тоқтатудың ең үлкен бір шарасы, яғни қылмыстың алдын алуды қарастыру – мемлекеттің үлкен бір саясаты. Өйткені қылмыс елдің бәрін ұстай бергеннен азаймайды. Одан да халыққа қылмысқа итермелейтін, оған апаратын факторларды ақпарат түрінде түсіндіріп, соның алдын алған жөн. Бұл, біріншіден, мемлекеттің өзіне де тиімді, екіншіден, қоғам зардап шекпейді, үшіншіден, болашақтың көркеюіне үлкен бір септігін тигізетін алғашқы баспалдақ, – дейді Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті заң факультетінің аға оқытушысы Руслан Тоқатов.

Берік Досымбеков – Қарағанды қаласы Дене тәрбиесі және спорт секторының меңгерушісі. Мемлекеттік қызметте 14 жыл еңбек етеді. Мұндай семинарға алғаш қатысуы. Семинардың үлкен тәжірибе болғанын айтады.

– Жалпы, бүгінгі семинар біздің жұмыста қолданып жүрген ақпаратты есте кішкене жаңартты деуге болады. Қазіргі жағдайды бағамдап, жалпы ақпараттан, жаңа мәліметтерден хабардар болдық. Мемлекеттік қызметші болғаннан кейін, күнделікті жұмыстан бөлек мұндай шаралардың болуы өте пайдалы. Мұндай семинарлардың жиі өткізілуі келешекте өте жақсы болар еді деп ойлаймын өз басым, – деп Берік Досымбеков ұсыныс білдірді.

Семинар аясында жобалық басқару, оларды әзірлеу, мемлекеттік қызметтегі заманауи кейстер сынды тақырыптар талқыланды. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Кішігірім талқылау алаңы болып, өзара ұсыныстар да айтылды.

Айта кету керек, семинар Қарағанды облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі және Қазыбек би ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Нұрәсем АХАН,«QH»