Мемлекеттік рәміздерді қолдану ережелері жаңартылуда
Қарағанды қаласында мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібіне енгізілетін өзгерістер талқыланды. Елде Ту, Елтаңба және Әнұранды қолданудың жаңартылған ережелері қарастырылып жатыр. Бұл жаңашыл ұсыныстар облыстық деңгейде өткен семинар барысында кеңінен сөз болды.
Шараға Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Геральдикалық жұмыс басқармасы мен Геральдикалық зерттеулер орталығының мамандары қатысты. Семинар барысында мемлекеттік органдардың өкілдері мен қоғам мүшелеріне енгізіліп жатқан жаңа талаптар жан-жақты түсіндірілді. Жаңартылған ережелерге сәйкес, мемлекеттік ту енді тек ғимараттардың сыртында ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік мекемелер мен ұлттық компаниялар басшыларының жұмыс кабинеттерінде де тұрақты түрде орналастырылуы ұсынылады. Бұл талап алдағы уақытта мектептерге, ауруханаларға, сондай-ақ мәдениет және спорт ұйымдарына да қолданылмақ.
– Жаңа талаптарға сәйкес азаматтардың мүмкіндіктері кеңейе түседі. Енді олар мемлекеттік туды балкондарға 45 градус еңкіш күйде іле алады, сондай-ақ жеке тұрғын үйлердің қасбетіне арнайы белгіленген ережелерді сақтай отырып орналастыруға рұқсат беріледі. Туды орналастыру кезінде оның жерден биіктігі кемінде үш метр болуы қажет. Түнгі уақытта оны міндетті түрде жарықтандыру талабы қойылмайды. Сонымен қатар ту жерге тимеуі тиіс және оны жарнамалық мақсатта немесе киім үлгісі ретінде пайдалануға жол берілмейді, – деді Геральдикалық зерттеулер орталығының бөлім басшысы Әділхайыр Мырзаханов.
Жиын барысында мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау мәселесіне ерекше мән берілді. Атап айтқанда, бүлінген немесе өңі солған туларды пайдалануға қатаң тыйым салынатыны айтылды. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді қорлау әрекеттері үшін заң аясында жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді. Жаңашылдықтар мемлекеттік елтаңбаға да қатысты. Оны орналастыру тәртібі мен нақты өлшемдері белгіленетін болады. Ал мемлекеттік әнұранға байланысты терминдер қайта қаралып, қазақ тіліндегі «Әнұран» атауы ресми түрде бекітіледі. Бұдан бөлек, әскери саптық жиындар кезінде әнұранды орындау міндетті талаптардың бірі болмақ.
– Өңірлерде мемлекеттік рәміздерді дұрыс қолдануға жауапкершілік тиісті мекемелерге жүктеледі. Осыған байланысты өткізілетін семинарлар барысында басшыларға заң талаптарына сәйкес рәміздерді пайдалану тәртібі кеңінен түсіндіріліп келеді, – дейді Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймағамбетов.
Семинар кезінде мемлекеттік рәміздерді дәріптеу, патриоттық құндылықтарды қалыптастыру және азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін дамыту мәселелері де қарастырылды. Мамандардың пікірінше, енгізіліп жатқан жаңа талаптар мемлекеттік рәміздерді күнделікті өмірде кеңінен әрі тиімді пайдалануға жол ашады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

