Мемлекеттік аудиттің қорытындысы мен білім беру жүйесін дамыту мәселелері талқыланды

Өткен жұмада Қарағанды облысының Білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының конференц-залында дөңгелек үстел өтті. Шара барысында мемлекеттік аудиттің қорытындылары, бюджеттік және басқа да заңнамалардың сақталуы, нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер, сондай-ақ мемлекеттік бюджетті жоспарлау және орындау мәселелері талқыланды.

Дөңгелек үстел жұмысына Қарағанды облысы Ревизиялық комиссиясының мүшесі А.Құтжанова, мемлекеттік аудит бөлімінің басшысы Л.Ю.Панкратова, мемлекеттік аудитор Г.А.Есімова және Қарағанды облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Л.Д.Буравко қатысты.

Шара шымылдығын ашқан А.Құтжанова қатысушыларға сәттілік тілеп, конструктивті диалогтың маңыздылығын атап өтті. Өз сөзінде Айгүл Есентайқызы кәсіптік және техникалық білім беруді дамыту, мемлекеттік сатып алуларды жүргізу және сыртқы мемлекеттік аудиттің нәтижелері бойынша қаржылық бақылау шараларының тиімділігі мәселелеріне назар аударды.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында мамандарды дайындауға бағытталған бюджет қаражатының пайдаланылуына жасалған аудит қорытындысы бойынша қаржылық және рәсімдік бұзушылықтардың анықталғаны айтылды.

Сондай-ақ, дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістер талқыланды. Бұл өзгерістер негізінен бюджеттік қаражатты тиімсіз жоспарлау, мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастыру және жүргізу, бухгалтерлік есепті жүргізу кезінде заңнама талаптарының бұзылуына қатысты.

Баяндамашылар мемлекеттік сатып алу және бухгалтерлік есеп жүргізу саласындағы бұзушылықтардың жиі кездесетінін ерекше атап өтті. Аудит нәтижелері бойынша осы фактілерге байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартылған лауазымды тұлғаларға жалпы сомасы 9,1 миллион теңге айыппұл салынған.

Қорытындысында Ревизиялық комиссия кәсіптік және техникалық білім беру жүйесіндегі қызметтің тиімділігі басқару органдарымен үйлестірілген іс-қимылдар арқылы және тиімділік пен нәтижелілік қағидаттарын сақтай отырып, білім беру үдерісінің сапасын қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті.

Қарағанды облысы Ревизиялық комиссиясының ақпараты негізінде