Мемлекет басшысы Франция Президентінің Арнаулы өкілі Изабель Дюмонды қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Арнаулы өкіл Изабель Дюмон Франция Президенті Эмманюэль Макронның хатын табыс етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Изабель Дюмонға ілтипат білдіре отырып, жолдаған игі сәлемі үшін Президент Эмманюэль Макронға алғыс айтты. Сондай-ақ Франция Қазақстанның Еуропадағы басты саяси және экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына жоғары баға берді. Оның айтуынша, Қазақстан – Францияның Орталық Азиядағы басты сауда серіктесі. Мемлекет басшысы Президент Эмманюэль Макронға жүрекжарды сәлемін жолдады және оны Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

– Бұл сапар экономикалық және саяси ынтымақтастыққа тың серпін береді деп ойлаймын. Екі ел арасында іске асыруды қажет ететін көптеген уағдаластық бар. Қазақстанда француз капиталының үлесі бар 170 кәсіпорын жұмыс істейді және жетекші француз компаниялары қызмет етеді. Біздің экономикамыздағы француз компанияларының қызметіне жан жақты қолдау көрсетіледі, – деді Президент.
Өз кезегінде Изабель Дюмон Францияның Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, Франция Қазақстан Президентінің жүргізіп жатқан реформалар саясатын толық қолдайды. Франция Президентінің Арнаулы өкілі Қазақстанның әлемдегі қазіргі күрделі геосаяси жағдайға қатысты ұстанымына жоғары баға берді.