Мектептерде қауіпсіздік деңгейі төмен

Қарағанды мектептеріндегі қауіпсіздік деңгейі төмен. Білім ордаларындағы кешенді тексеруден кейін тиісті комиссия мен құқық қорғау органдарының мамандары осындай шешімге келіп отыр. Жоспар бойынша, аймақтағы мектептер оқу жылы басталғанға дейін бейнебақылау камераларымен және дабыл түймелерімен жабдықталуы керек еді. Бірақ көбісінде талаптар орындалмаған.

Мамандардың айтуынша, жедел басқару орталықтарының жүйесіне барлық білім беру мекемесі қосылмаған. Мысалы, Теміртауда 31 мектептің 23-і ғана қосылған. Бұқар жырау ауданында 45 мектептің тек 4-еуі ғана жабдықталыпты. Саран қаласы бойынша да небәрі 4 білім ордасы жедел басқару жүйесіне енгізіліпті. Ал Абай және Шет аудандарында бірде-бір оқу ошағына бұл жүйе мүлдем енгізілмеген. Облыс орталығында да жағдай мәз емес.

Қарағанды қаласындағы 209 нысанның 64-інде ғана бейнебақылау камералары жұмыс істейді екен.

– Қазіргі уақытта білім беру мекемелерін бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету және кескінді шығару бойынша жағдай өткен жылмен салыстырғанда өте төмен деңгейде қалып отыр. Егер өткен жылдары қаржыландырудың болмауына, деректерді беру арналарына байланысты түрлі проблемаға орай тек аймақтық бөлімше қиындықтарға тап болса, қазіргі уақытта облыс орталығында жағдайды нашар деп сипаттауға болады, – дейді Қарағанды облысы ПД Байланыс ақпараттандыру басқармасының бастығы Гүлнар Қужабаева.

Құқық қорғау органдарының өкілдері мектептерге орнатылған бейнебақылау камераларының сапасы төмен екенін, адам түрі анық көрінбейтінін айтып отыр. Бұл – сапасыз дүниенің салдарынан кейін құқықбұзушылықтарды да анықтауға кедергі туады деген сөз. Тексеру комиссиясының мүшесі Айдос Садықов:

– Қарағанды қаласындағы білім беру мекемелерінде, аудит жүргізілген мектептерде терроризмге қарсы талаптардың бұзылуы тиісті деңгейде қауіпсіздікпен қамтамасыз етілмеген. Осы факт бойынша Білім бөлімі мен басқармасы осы мектептердің теңгеріміне қажетті жабдықтар сатып алу және жабдыққа қызмет көрсету қызметіне ақы төлеу жөнінде ұсыныс жолдайтын болады, – деді.

Сондай-ақ тексеру комиссиясының мүшелері қаладағы 65 нөмірлі мектепте бюджет қаражатын ұрлау туралы істі қарады. Бұл туралы материалдар құқық қорғау органдарына процессуалдық шешімдер қабылдау үшін берілген.

Еске сала кетсек, өткен жылы Ішкі істер министрлігінің өкілдері Парламент палаталарының бірлескен отырысында:

– Мектептердегі қауіпсіздік іс-шаралары бойынша мемлекеттік органдармен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Ең алдымен білім беру органдарымен бірге 7 500 мектепті тексердік, 100 пайызында бейнебақылау камерасы бар. Бірақ 45 пайызы ғана техникалық стандартқа сай келеді. Басқа да кемшіліктер бар. Мектептердің 30 пайызында дабыл жүйесі жоқ, турникеттер мен темір іздейтін құрылғылар 5 пайызында ғана бар, 6 пайызында ғана күзет ұйымдары жұмыс істейді. Бүгінгі таңда Ішкі істер министрлігі Білім және ғылым министрлігімен, жергілікті атқарушы органдармен бірге жұмыс істеп жатыр. Қаржы бөлінеді. Жыл соңына дейін осы кемшіліктерді жоямыз деп ойлаймын, – деген болатын. Бірақ осыншалықты жоғары мінберден көтерілген мәселенің, оның үстіне, балалар қауіпсіздігіне қатысты болса да, неге әлі күнге дейін толық орындалмай келе жатқаны белгісіз.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»