Мектептерде ақша жинау заңмен қудаланады

Қарағанды қаласының № 38 гимназиясында білім беру саласындағы тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын алу мәселелері бойынша қала мектептерінің директорларымен кездесу өтті. Іс-шара Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжановамен бірге «Сарыарқа — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қоғамдық мониторингіні іске асыру, тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және облыс азаматтары үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі қызметі шеңберінде ұйымдастырылды. Күн тәртібінде білім беру мекемелеріндегі алымдар туралы мәселе болды.

Кездесуде аталып өткендей, азаматтардан ұжымнан түрлі қажеттілікке ақша жинау, жөндеу жұмыстарына қаражат жинау және оқытушыларға арналған бітіру кештерін немесе сыйлықтарды тойлауға арналған жиындар туралы өтініштер жиі түседі. Бұл жиындарды өткізетін ата-аналар комитеттерінің қызметі реттелмейтінін және тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың көрінісі үшін негіз жасайтынын атап өтті ұйымдастырушылар. Оқу орындарындағы заңсыз алымдар үшін директор әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондықтан директорлар мен білім беру өкілдері функционалдық міндеттерге байланысты кез келген шешімге мұқият болуға шақырды. Алым жинауға жол бермеу бағытында кешенді жұмыс жүргізу және ата-аналар комитеттерімен жеке әңгіме ұйымдастыру ұсынылды.

Қарағанды облысы бойынша «Сарыарқа — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Малика Күсенбаева «Antikor» орталығына қандай өтініштер түсетіні туралы толығырақ айтып берді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің call-орталығына заңсыз ақша жинауға қатысты өтініштер келіп түсуде. Бұл, негізінен, ұжымнан 3000-нан 7000-ға дейінгі түрлі қажеттілікке арналған тұрақты алымдарға, жоғары тұрған басшыларға алғыс айту үшін мектеп мұғалімдерінен қаражат жинауға, сондай-ақ жөндеу және бітіру кештеріне арналған алымдарға қатысты.

— Ал біздің органға атааналар өтініш білдіреді. Көбісі жасырын, ал бұл олардың осындай жиындарға қарсы екенін білдіреді, — деп атап өтті Малика Күсенбаева. — Жүйелі түрде ақша жинау туралы өтініштер бар. Әлеуметтік желілердегі түрлі паблик пен қоғамдастықтардың мониторингісі барысында біз күн сайын осындай жағдайларға кезігеміз. Бұл фактілер ата-аналарды қосымша ақша жұмсауға мәжбүр етеді. Барлық өтініш бақылауға алынады және уәкілетті органдар тиісті іс-шаралар жүргізеді. Жөндеу жұмыстарының кез келген түріне, абаттандыруға, оқу материалдарына, материалдық- техникалық қамтамасыз етуге (перделерге, жалюздерге, қағазға, кеңсе заттарына және су салқындатқыштарға) ақша жинауға қатаң тыйым салынғанын еске саламыз. Мысалы, 2022 жылдың бірінші тоқсанында әкімшілік құқық бұзушылық туралы 47 хаттама жасалды. Ал әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған 16 мемлекеттік мекеме басшыларының 10-ы облыстың қалалары мен аудандарының білім бөлімдерінің басшылары болып отыр. Бұл қазіргі таңда тек алымдар туралы мәселелер ғана емес, сондай-ақ оқу орындарының басшылық буынының міндеттері мен шектеулерін сақтамауы өзекті екенін білдіреді. Бұл барлық жағынан теріс салдарға алып келетінін ескерткім келеді, — деді ол.

«Адалдық алаңы» жобасының көздеген мақсаты — тұрмыстық жемқорлықты жойып, азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау. Жоба аясында қоғамдық ұйымдармен бірлесіп ата-аналар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізіліп отырады. Нәтижесінде білім беру мекемелерінде мектептің немесе сыныптың қосымша қажеттіліктері үшін жиі ақша жиналатыны анықталған. Негізінен, ақша жинау ата-аналар комитеті арқылы жүзеге асырылады. Бір сөзбен айтқанда, қызметі регламенттелмеген ата-аналар комитеті тұрмыстық жемқорлықтың туындауына басты себеп болып отыр.

Жалпы білім беру мекемелеріндегі кез келген тәртіп нормативтік- құқықтық актілермен реттелетіні белгілі. Қабылдау, ауысу, гранттар бөлу, жатақханадағы орындарды анықтау және тағы басқа процестер тиісті нормативтік- құқықтық актілерде анық көрсетілген.

Цифрландыру әкімшілік кедергілерді жоюға ықпал етеді. Дегенмен бүгінгі таңда бізде барлық рәсім цифрланбаған. Салдарынан лауазымды тұлғалар өз өкілеттігін асыра пайдаланып жатады. Шамадан тыс құжаттар мен регламенттелмеген ақпарат талап етіледі.

Пара алу мен пара берудің жауапкершілігі тең. Яғни бармақ басты, көз қысты әрекетке барғандар заң алдында бірдей жауап береді. Мұны бірі білсе, енді біреулер біле бермейді. Сондықтан әділет орнауына атсалысып, жаңа Қазақстанды бірге құрайық!

Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»