Мектеп медицинасында жаңа кезең: бала денсаулығына бақылау күшейеді
Қазақстанда мектеп медицинасын жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформа басталмақ. Денсаулық сақтау саласында енгізілетін жаңа стандарттар профилактикалық тексерулердің сапасын арттырып, әрбір оқушының денсаулығын жүйелі бақылауға және цифрлық форматта сүйемелдеуге мүмкіндік береді.
Жаңа жүйе тек профилактикалық тексерулермен шектелмейді. Енді олардың сапасына тұрақты мониторинг жүргізіліп, заманауи диагностикалық технологиялар кеңінен қолданылады. Соның нәтижесінде ата-аналар балаларының денсаулық жағдайы туралы ақпаратты жедел алып, анықталған ауруларды уақытылы емдеуге мүмкіндік алады.
Реформа аясында хирургия, офтальмология, оториноларингология және стоматология бағыттары бойынша екі мыңнан астам мектеп медицинасының маманы арнайы даярлықтан өтеді. Бұл оқушыларға көрсетілетін алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыруға және профилактикалық жұмыстарды күшейтуге бағытталған.
Жобаның басты жаңалығы – балаларды медициналық сүйемелдеудің бірыңғай алгоритмін енгізу. Медициналық тексеруден кейін әрбір оқушы үшін жеке бақылау маршруты әзірленіп, мектеп медбикесі дәрігерлердің ұсынымдарының орындалуын тұрақты қадағалайды. Бұл балалардың денсаулығындағы өзгерістерді дер кезінде анықтап, қажетті ем-шараларды кешіктірмей ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бала денсаулығын сақтау – медицина, білім беру жүйесі және ата-аналардың ортақ жауапкершілігі. Жаңа стандарттар мектеп медицинасын заман талабына сай жаңғыртып, аурулардың алдын алу мен оларды ерте кезеңде анықтауға басымдық береді. Соның нәтижесінде оқушылардың денсаулығын қорғау жүйесі тиімді әрі қолжетімді болмақ.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

