Мектеп формасы қалай өзгермек?

Келер жылдан бастап елімізде мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермек. «Ашық НҚА» сайтында көпшілік талқысына ұсынылған Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығында жаңа талаптың қандай болары анық көрсетілген.

Жаңа талап бойынша, оқушыларға мектепте кардиган, поло жейде немесе тенниска киюге рұқсат берілмек. Сондай-ақ күн райы суық кезеңдерде трикотаж желет пен водолазкаға да рұқсат етіледі. Әйтсе де киімнің түсі мен стилі мектеп әкімшілігімен алдын ала келісілуі қажет.

Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және балағы тобықты жауып тұрады.

Ал қыздардың мектеп формасы:

– пиджак, желет, юбка, шалбар, классикалық жейде, түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска;

– қысқы уақытта трикотаж желет, сарафан, водолазка.

Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және балағы тобықты жауып тұрады.

Мереке күндері ұлдарға күнделікті формаға қосымша ақ жейде, ал қыздарға ақ блузка кию, сондай-ақ мектеп формасының негізгі түсіне сәйкес немесе кереғар келетін галстук тағу туралы талаптар алынып тасталады.

Мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін (белгілер, тігіспелер, шеврон және тағы басқа) орналастыруға рұқсат етіледі.

– Жалпы, мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді. Бұл жерде әңгіме тізімді толықтыру және таңдау мүмкіндігін беру жайында болып отыр. Бұған дейін ата-аналар бұл мүмкіндіктің балалар үшін ыңғайлы екенін айтып, қарастыруымызды сұраған болатын. Өйткені сабақ кезінде ресми костюм кию балалардың барлығына бірдей қолайлы емес. Сол себепті балама ретінде ыңғайлырақ киіммен келуге рұқсат беру ұсынылып отыр. Мысалы, ресми пиджак немесе жакет орнына – тоқылған күрте/кардиган және күнделікті жейде орнына – поло жейде. Шешімді мектеп әкімшілігі, қамқоршылық кеңесі және мектептің өзін-өзі басқару кеңесі қабылдайды. Бұл толықтырулар келесі жылы мектептерде шешім қабылдауға жеткілікті уақыт болуы үшін алдын ала басталып отыр. Бірақ бұл – мектептер бекітілген талаптарды міндетті түрде қайта қарауы керек дегенді білдірмейді. Бұл – қажет болған жағдайда пайдалануға болатын қосымша мүмкіндік пен нұсқа ғана, – деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Райынбекқызы.

Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер мектеп формасын кез келген сауда желісінен сатып ала алады.

Форманың фасоны мен юбканың ұзындығын мектеп және кеңес (қамқоршылық кеңесі, ата-аналар комитеті, мектептегі өзін-өзі басқару) айқындайды және ол жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.

Айта кету керек, министрдің бұйрығы 15 қарашаға дейін ашық талқылауда болады.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ

«QH»