МЕКТЕП ҚАУІПСІЗДІГІ КҮШЕЙТІЛЕДІ

Қазір еліміздің барлық мектептері бейнебақылау камералармен 100% қамтамасыз етілген. Десек те, Білім мен ғылым және Ішкі істер министрліктерінің бірлесіп жүргізген мониторингі осы камералардың 55% ғана талаптарға сай екенін көрсетті. Бұл мәселелерді шешу үшін жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңге қаражат қарастырылды.

Білім министрлігінің айтуынша, қауіпсіздікті одан әрі қамтамасыз етуде жедел шешуді талап ететін міндеттер бар:

Біріншіден, барлық бейнебақылау камерасын бекітілген талаптар мен стандарттарға сәйкестендіру;

Екіншіден, қала мектептерін арнайы күзетпен қамтамасыз ету;

Үшіншіден, білім беру ұйымдарын «дабыл түймелерімен» 100% қамтамасыз ету.

Сонымен қатар педагогтар мен оқушыларға төтенше жағдай және террористік қауіп төнген жағдайда қабылданатын шаралар мен алгоритмдерді әзірлеу және енгізу, психологиялық қызметтердің рөлі мен жалпы тәрбие жұмысын күшейту де маңызды.

Осыған орай, Қарағанды облысында білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Жол картасы жүзеге асырылуда. Турникеттер мен дабыл түймелерін орнату бюджеттен қаржыландырылады. Сонымен қатар, білім беру мекемелерінде балалар қауіпсіздігі бойынша жаттықтырушылар пайда болады.

Жаңа оқу жылына дайындық онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте айтылды

– Турникеттер оқушылар саны 500 адамнан асатын 158 білім беру ұйымдарында орнатылатын болады. Дауыстық хабарлау жүйелерімен контингенті 100 адамнан асатын ұйымдар жабдықталады. Ал олардың жалпы саны — 559. 1 қыркүйекке дейін 321 ұйымды дабыл түймелерімен, 158 ұйымды мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, – деді білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.

Ведомствоның мәліметінше, бүгінде өңірдегі барлық оқу орындары мен балабақшаларда 20 мыңға жуық бейнебақылау камералары бар. Өткен жылы 6 мың жаңа жабдық сатып алынған. Жүйені бейне мониторингтің заманауи стандартына сәйкес келтіру үшін келесі жылдан бастап бұлтты қызметтерді пайдалану жоспарлануда.

– Жазғы демалыс уақытында біз Жол картасы бойынша жоспарланған барлық жұмыстарды орындауымыз керек. Қаржыландыру бар, барлығы үйлесімді жұмысқа байланысты. Бұл балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық инфрақұрылымға қатысты. Тек білім беру ұйымдарында ғана емес, сонымен қатар спорт, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, балалар тұрып жатқан барлық жерде шаралар қабылдап, күшейту қажет, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы жазғы демалыс кезінде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейтуді тапсырды. Ол бейнебақылау жүйелерін стандартқа жеткізуге тапсырма берді. Тағы бір маңызды бағыт – психикасы бұзылған балаларды уақытында анықтап, оларға көмектесу үшін психологиялық қызметтердің жұмысын нығайтуды ұйымдастыру.

ОБЛЫС ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Кеңес беру және құқықтық көмек үшін жедел желі жұмыс істейді – (8-7212) 25-25-02 және 8-747-491-12-91.