Мектеп қауіпсіздігі қатаң бақыланады
Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысы барысында мектеп қауіпсіздігін күшейту шараларын пысықтауды тапсырды. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың хабарлауынша, 13 ақпанда таңертең Петропавл қаласының Полиция басқармасына №4 орта мектеп оқушыларының жарақат алғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға болған орынға жедел-тергеу тобы аттанды.
Тексеру барысында күдікті (9-сынып оқушысы) 2-қабаттағы әжетханада маска киіп, балтамен дәлізге жүгіріп шығып үш оқушыға шабуылдаған. Шабуыл жасаған оқушыны жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер ұстаған.
Қазіргі кезде 2 жәбірленуші қалалық емхананың стационарында жатыр, жағдайлары бірқалыпты. Бір оқушы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтарылды.
Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Есепті тыңдаған Әлихан Смайылов Петропавлда орын алған оқыс жағдай халық арасында үлкен алаң тудырғанын атап өтті.
– Балаларының қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектеп ішінде де қауіп барын көріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет. Бейнекамера санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылау күшейту мәселесін қарау керек, – деді Премьер-министр.
Бұл ретте Үкімет басшысы Ішкі істер министрлігіне балалар қауіпсіздігін күшейту жөнінде келісілген ұсыныстар енгізуді, Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккен балалар емін ерекше бақылауға алуды, Оқу-ағарту министрлігіне Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуді тапсырды.