Мейірімге боялған көрме

Өнер арқылы жануарларға жанашырлық танытуға үндеген көрме өтті. Қарағандыдағы дәмханалардың бірінде «Жануарларды қорғау» атты ерекше шығармашылық шара ұйымдастырылды. Көрмеге жиналған туындылардың басты тақырыбы – адамның төрт аяқты достарына деген мейірімі, жауапкершілігі және қаңғыбас жануарлардың тағдыры.

Көрме «Жақсылыққа жақтас, мейірімділік таныт» деген ұранмен өтті. Қабырғаға жиырмаға жуық картина қойылып, олардың әрқайсысы жануарларға деген қамқорлықтың маңызын өзінше жеткізеді. Бір жұмыста үй жануары бейнеленсе, енді бірінде көшеде қалған төрт аяқтының тағдыры суреттелген.

Көрмені ұйымдастырушылардың айтуынша, шараны өткізу арқылы олар жануарларды қорғау мәселесіне жұртшылықтың назарын аударуды көздеген. Дәмхананың таңдалуы да кездейсоқ емес. Келушілер кофе ішіп, тынығып отырып, картиналарды асықпай тамашалай алады.

«Біздің көрменің басты үндеуі – мейірімділік, сүйіспеншілік, жанашырлық және қолға үйреткен төрт аяқты достарымызға деген жауапкершілік. Қаңғыбас жануарлар мәселесі бүгінде өте өзекті. Сондықтан адамдарды мейірімді болуға, жанашырлық танытуға және өздері асыраған жануарларға жауапкершілікпен қарауға шақырғымыз келеді», – дейді көрмені ұйымдастырушы Ксения Гермаш.

Көрме осылайша көрермен назарына ұсынылды. Суретшілер өз туындылары арқылы жануарлардың өміріндегі түрлі сәттерді бейнелеген. Кейбір жұмыстар авторлардың өздері асырап отырған жануарларға арналса, енді бірінде көшеде кездескен төрт аяқтының бейнесі көрініс тапқан.

Суретші Татьяна Бакалкина көрмеге бірнеше жұмысын ұсынған. Оның бірі көпшілікке белгілі Беляш есімді иттің оқиғасына арналған. Автордың айтуынша, бұл жағдай оған ерекше әсер етіп, жануарды еске алу мақсатында картина салуға шешім қабылдаған.

Көрмеде келушілерге арналған боямақтар да ұсынылған. Олардың ерекшелігі – жануарлар тақырыбына арналған авторлық суреттер негізінде әзірленгенінде. Ұйымдастырушылар мұндай шығармашылық жұмыс балаларға да, сурет салуға қызығатын ересектерге де қызықты болады деп есептейді.

«Көрмеміз жануарлар тақырыбына арналғандықтан, осындай ерекше боямақтар дайындадық. Балалар да, шығармашылыққа жақын ересектер де өздеріне ұнаған үй жануарының суретін таңдап, оны бояй алады. Бұл – көрмені тамашалаушылардың шығармашылыққа араласуына мүмкіндік беретін жақсы идея», – дейді суретші Татьяна Бакалкина.

Көрмеде жануарларды тастап кету мәселесіне де назар аударылған. Суретші Мария Манеева өз жұмысында саяжайға апарылып, кейін қараусыз қалған жануарлардың тағдырын бейнелеген. Оның айтуынша, үй жануарын асырау – оны қиын жағдайда тастап кетпей, өмірінің соңына дейін қамқорлық жасау жауапкершілігін білдіреді.

Ал суретші Яна Беляева тағдырдың түрлі себептерімен далада қалған асыл тұқымды жануарларға назар аударуды мақсат еткен. Оның туындыларында жоғалған немесе иелері көшіп кеткен кезде тастап кеткен жануарлардың ішкі күйі бейнеленген.

Ұйымдастырушылар бұл шараны үлкен акцияға айналдыруды көздемейді. Негізгі мақсат – адамдардың күнделікті өмірде жанашырлыққа мұқтаж жануарларға назар аударуына ықпал ету. Көрмені тамашалаған адам жануар асырап алуға, көшедегі мысыққа тамақ беруге немесе төрт аяқты досына жауапкершілікпен қарауға ой түюі мүмкін.

Дәмхана қабырғасында ілінген картиналар – жай ғана өнер туындылары емес. Әр сурет жануарларға деген мейірім мен жауапкершілікті еске салады. Суретшілердің айтуынша, мұндай бастамалар жалғасын тауып, жануарларға жанашырлық танытатын жандардың қатарын көбейтсе, шығармашылық жобаның негізгі мақсаты да орындалмақ.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»