Мейірім мен жауапкершілік мекені
Халықаралық мейіргерлер күні – адам жанына араша болып, науқасқа үміт сыйлайтын ақ халатты абзал жандардың еңбегін ұлықтайтын ерекше мереке. Бұл күн – әскери медицина саласында аянбай қызмет етіп жүрген мейіргерлердің де кәсіби мерейі. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып келе жатқан мекемелердің бірі – Қарағанды гарнизонының әскери лазареті.
Бұл – Қазақстан Қарулы Күштері тарихындағы ең көне әрі тәжірибелі әскери-медициналық мекемелердің бірі. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы әскери қызметшілердің денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқарып келе жатқан ұжым бүгінде жоғары кәсібилігімен, жауапкершілігімен және адамгершілік қасиетімен ерекшеленеді. Әскери лазареттің тарихы 1970 жылдың 26 тамызынан бастау алады. Сол күні әскери бөлім командирінің бұйрығымен Дубовка елді мекенінде 75 төсек-орындық гарнизондық госпиталь құрылып, алғашқы науқастарды қабылдаған. Бұл кезеңде Алматыдан Қарағандыға 203-ші Запорожье-Хинган Қызыл Ту орденді мотоатқыштар дивизиясы көшірілген болатын. Алғашқы жылдары емдеу жұмыстары барак үлгісіндегі бес ғимаратта жүргізілгенімен, медицина қызметкерлерінің біліктілігі мен жанкешті еңбегінің арқасында госпиталь қысқа уақыт ішінде маңызды медициналық орталыққа айналды. Уақыт өте келе мекеменің қызмет аясы кеңейіп, 1989 жылы Қарағанды қаласындағы әскери қалашыққа көшірілді. Ал 2006 жылдан бастап әскери лазарет Ермеков көшесі, 65 мекенжайындағы қазіргі төрт қабатты ғимаратта жұмысын жалғастырып келеді. Қарулы Күштерді реформалау аясында мекеме гарнизондық госпиталь мәртебесінен әскери лазаретке ауыстырылды. Бүгінде мұнда хирургиялық және терапиялық бөлімдер үздіксіз қызмет атқарады. Қазіргі таңда лазарет Қарағанды облысымен қатар Жезқазған, Павлодар, Қостанай, Ақмола, Торғай және Солтүстік Қазақстан өңірлеріндегі әскери бөлімдерге медициналық көмек көрсетеді. Мұнда шұғыл, жоспарлы және профилактикалық емдеу жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жыл сайын жүздеген әскери қызметші осы мекемеде ем қабылдап, денсаулығын қалпына келтіреді. Әскери лазарет қызметіндегі ең маңызды буындардың бірі – мейіргерлер. Олар күндіз-түні науқастардың жанынан табылып, дәрігерлердің сенімді көмекшісіне айналған. Әрбір әскери қызметшінің денсаулығына жауапкершілікпен қарап, сырқат жанға қолдау көрсету – олардың күнделікті міндеті. Лазареттің бас мейіргері Динара Чорова мейіргерлер қызметінің маңызын ерекше атап өтті.
– Қарағанды гарнизонының әскери лазаретінің мейіргерлері күндіз-түні тынымсыз қызмет етіп келеді. Ақ халат киген олардың әр күні адам өміріне араша болумен, науқасқа демеу көрсетумен және әскери қызметшілердің денсаулығын сақтаумен ұштасады. Олар үшін мейіргерлік – жай ғана мамандық емес, Отан алдындағы жауапкершілікпен біте қайнасқан қасиетті борыш. Лазаретте медбикелер жұмысы өте маңызды. Олар науқастарға күтім жасап, әрбір сарбаздың тезірек сауығып кетуіне бар күшін салады. Барша мейіргерлерді кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, – дейді бас мейіргер Динара Чорова.
Бүгінде Қарағандыдағы әскери лазарет – тек емдеу мекемесі ғана емес, әскери медицинаның тәжірибесі мен тарихы тоғысқан тағылым мектебі. Осы жылдар ішінде мұнда жүздеген білікті дәрігерлер мен медицина мамандары тәрбиеленіп шықты. Ал мейіргерлердің адал еңбегі мен мейірімі әскери медицинаның басты құндылығы болып қала береді.
Бекасыл Ерасыл,
«QH»

