Мейірім мен мүмкіндік сахнасы
Қарағандыда ерекше білім беруді қажет ететін балалардың шығармашылығын қолдауға арналған «Алқызыл желкендер» облыстық өнер марафонының гала-концерті өтті. Бұл жоба тек өнер байқауы ғана емес, әр баланың бойындағы талантты ашып, олардың қоғамдағы орнын айқындауға бағытталған маңызды әлеуметтік-мәдени алаң ретінде бағаланып отыр. Биылғы фестиваль Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналды.
Қарағанды төрінде осымен он жетінші рет ұйымдастырылған «Алқызыл желкендер» фестивалі биыл ерекше мазмұнға ие болды. Облыстың әр өңірінен келген 400-ге жуық қатысушы вокал, хореография, аспапта ойнау, көркем сөз және театр өнері бойынша бақ сынады. Сонымен қатар сәндік-қолданбалы өнер номинациясында 200-ден астам жұмыс көрермен назарына ұсынылды.
Жоба авторы Валентин Бучин фестивальдің басты мақсатына тоқталып, оның балалар өміріндегі маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама тек әлеуметтік қолдау емес, ең алдымен әр баланың ішкі мүмкіндігін ашуға бағытталған:
«Біздің мақсатымыз – мұндай балаларды тек қамқорлықпен шектемеу, олардың ішіндегі жасырын талантты ашу. Әр баланың өз дарыны бар, соны дер кезінде байқай білу маңызды. Біз қатысушылармен байқаудан кейін де байланыста боламыз. Бұрын осы жобаға қатысқан зағип бала бүгінде Санкт-Петербургте білім алып жүр. Ол өнерді көзбен емес, жүрекпен сезініп, өз қабілетін дамытып келеді», – дейді жоба авторы Валентин Бучин.
Фестивальге қатысушылардың жасы 6 мен 18 жас аралығын қамтыды. Олардың қатарында балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдер де, инклюзивті білім беру сыныптарында оқитын оқушылар да бар. Биыл 13 мектептен келген ерекше балалардың үлкен сахнаға шығуы жобаның ауқымын кеңейтіп, олардың мүмкіндігінің шексіз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Отбасылық даму орталығының директоры Карина Хасянова биылғы фестивальдің жаңа бағыты туралы айтты.
– Биыл біз балалардың шығармашылығын дамытуға мобилография мен медиа өнерін қостық. Балалар өз ойларын бейне арқылы жеткізуді үйреніп жатыр. Бүгінгі гала-концерт сол еңбектің нақты нәтижесін көрсетті. Бұл тек өнер емес, олардың қоғамға бейімделуінің тиімді жолы, – деді отбасылық даму орталығының директоры Карина Хасянова
Жоба жанашыр азаматтар мен демеушілердің қолдауымен жүзеге асып келеді. Іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Анна Гридасова мұндай бастамалардың әлеуметтік маңызын ерекше атап өтті:
– Бұл фестивальге екінші жыл қатарынан демеуші ретінде қатысып отырмын. Бұл мен үшін үлкен қуаныш. Себебі әр бала тең. Ерекше балалардың қабілеті көп жағдайда байқалмай жатады. Ал мұндай алаңдар олардың талантын ашуға, өзіне деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Біз оларға тек қолдау емес, жүрек жылуын да сыйлауымыз керек, – дейді Теміртау қаласының Іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Анна Гридасова.
Қазылар алқасының шешімімен 49 жұмыс үздік деп танылды. Олардың ішінде 20 қатысушы үшінші, 15 қатысушы екінші, 8 қатысушы бірінші орынды иеленсе, 6 финалист бас жүлдеге лайық деп танылды. Барлық қатысушыға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталып, олардың еңбегі лайықты бағасын алды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

