Медицинадағы жаңа құрылғы

Қарағанды қаласындағы көпсалалы №3 ауруханада онкологиялық ауруларды емдеуге арналған жаңа томотерапия аппараты іске қосылды. Бұл жаңалық өңірдегі емдеу қызметін жақсартып, науқастарға заманауи және тиімді әдістермен көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Томотерапия – жоғары дәлдікпен сәулелендіру арқылы ісіктерді емдеудің инновациялық әдісі, ол сау тіндерді зиян келтірмей, тек ісікке әсер етеді. Аурухананың жаңғыртылуы және жаңа аппараттың енгізілуі өңірдегі онкологиялық көмек деңгейін жаңа биікке көтереді.

Томотерапия – бұл компьютерлік томографиямен басқарылатын сәулелік терапияның жаңашыл платформасы. Оның негізгі артықшылығы – ол дәстүрлі сәулелік терапиямен салыстырғанда ең жоғары сәулелену дозаларын ісікке жеткізе алады, сонымен қатар сау тіндерге сәулелену дозасын критикалық деңгейлерден төмен шектейді. Мұндай аппарат қазіргі уақытта Қарағанды қаласындағы көпсалалы №3 ауруханада орнатылды. Бұл жаңа технология онкологиялық ауруларды емдеуде тиімділікті арттырып, науқастардың ем алу сапасын жаңа деңгейге көтереді.

– Сәуле терапия қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға арнайы көрсеткіштер бойынша, ісік екені анық болған жағдайда мультидисциплинарлы топтың шешімі арқылы тағайындалады. Және ем науқастарға тегін, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жүргізіледі, – дейді Қарағанды қаласының №3 көпсалалы ауруханасының радиациолог-онколог дәрігері Шолпан Құрманбекқызы.

Қазақстанда мұндай аппараты бар тек бірнеше орын ғана бар. Қарағандыда осындай аппараттардың пайда болуы өңір тұрғындарына қажетті медициналық көмек алу мүмкіндігін арттырады.

– Бұл – томотерапияның ең соңғы нұсқасы, Radixact аппараты. Қазақстан бойынша осындай 5 аппарат орнатылған. Екеуі Астанада, екеуі Алматыда, ал бесіншісі Қарағандыда. Осы аппаратта емдеу толықтай тегін, мемлекет барлық қызметті қаржыландырады, оның ішінде түрлі локализациядағы қатерлі ісікті емдеу де қамтылған, – деді Томотерапия бөлімшесінің меңгерушісі Джем Парлак.

Дәрігердің айтуынша, бұл аппараттар әртүрлі ісік түрін емдеуге мүмкіндік береді. Олар бір мезетте бірнеше емдеу шарамын жүргізуге қабілетті, бұл науқастарға тиімді және жан-жақты көмек көрсетуге жағдай жасайды.

– Басқа аппараттармен салыстырған кезде жанама әсерлері өте аз болады, емдік мөлшердің максималды ісікке дәл бағытталуы және толық сәулеленуі, бір сеанс кезінде күрделі және көлемді ісіктерді сәулелендіру мүмкіндігі бар. Бір мезетте көптеген метастазды сәулелендіруге болады. Және кардиостимуляторы бар науқастарға ем жүргізуге болады, – деп атап өтті радиациолог-онколог Шолпан Құрманбекқызы.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,                                     

«QH»