Маусымның ресми жабылуы

Қарағанды көшелерімен 200-ге жуық мотоцикл жүйткіді. Бұл биылғы жылдың соңғы жалпы көрсетілімі. Қарағандыда мотомаусымның ресми жабылуы өтті.

Тағы бір дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген мотомаусым аяқталды. Осыған байланысты Қарағанды мотоциклшілер клубы мерекелік шара өткізді. Қазақстанның барлық қаласынан келген байкерлер бір қалада бас қосты. Кездесу орнына әртүрлі жастағы 200-ге жуық мотоциклист келді. «Шыңғысхан» мото-клубы үйлестірушісінің айтуынша, жыл сайын екі доңғалақты жүйріктерді сүйетіндердің саны артып келеді, оның ләззатын екінің бірі сезіне алмайды. Мотоцикл жүргізушілерінің бауырластығы осындай шаралар арқылы нығаяды.

– Бүгінгі жиналып жатқан себебіміз, бұл мотомаусым мерзімінің аяқталуы, әрі қарай қала түнде де тыныштықта болады. Күндіз жолда жүру азаяды. Шараға Қарағандының мотоциклистері мен қонақтар жиналды. Виктор Цой ескерткішінің жанында концерт өтті. Келесі жылы кездесеміз, – дейді «Шыңғысхан» мото-клубының координаторы Алмас Мылтықбаев.

Мото әуесқойларының соңғы айналымы керемет басталды. Қатысушылар Бүркіт қонақүй мейрамхана кешенінен бастап, Виктор Цой ескерткішіне дейін барды, артынша бірден мерекелік бағдарлама өтті. Жеңімпаздарға арнайы жүлделер мен сыйлықтар табысталды және маусым бойына ерекше өнер көрсеткен жүргізушілерге құрмет көрсетілді.

Айдын ТОНТАЙТЕГІ, «QH»